Қарызды төлей алмасаңыз, берешекті реттеудің қандай жолдары бар
Өтінішке қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттар қоса берілуі керек
Қаржылық қиындыққа тап болған азаматтар кредиторға жүгініп, қарызды өтеу шарттарын өзгерте алады. Ал бірнеше банк немесе микроқаржы ұйымы (МҚҰ) алдында мерзімі өткен берешегі бар адамдарға 2026 жылғы 1 шілдеден бастап бірыңғай цифрлық платформа арқылы қарызды реттеу мүмкіндігі берілді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі еске салды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Төлем мерзімі өтсе, не істеу керек?
Егер қарызды уақытында өтеу қиын болса, ең алдымен банкке, микроқаржы ұйымына немесе коллекторлық агенттікке өтініш беру қажет. Онда төлем шарттарын өзгертуді сұрауға болады.
Өтінішке қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттар қоса берілуі керек. Мысалы, жұмыссыздық туралы анықтама, еңбек шартының тоқтатылғанын растайтын құжат, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, мүгедектік туралы анықтама немесе материалдық шығынды растайтын құжаттар ұсынылуы мүмкін.
Кредитор өтінішті 15 күнтізбелік күн ішінде қарап, шешім қабылдайды.
Кредитор бас тартса, қайда жүгінуге болады?
Егер қарыз алушы кредитордың шешімімен келіспесе, банк немесе микроқаржы омбудсманына жүгіне алады.
-
Банктік қарыздар бойынша өтінішті bank-ombudsman.kz сайты арқылы беруге болады.
-
Микрокредиттер бойынша өтініш mfombudsman.kz сайтында қабылданады.
Омбудсмандардың қызметі тегін. Олардың шешімдерін банктер мен микроқаржы ұйымдары орындауға міндетті. Алайда омбудсманға жүгінбес бұрын кредиторға ресми өтініш беріп, оның жауабын алу қажет.
Берешекті реттеу үшін ақылы делдалдардың көмегіне жүгіну міндетті емес. Азаматтар кредиторға да, омбудсманға да өз бетінше өтініш бере алады.
Бірнеше кредитор алдындағы қарызды қалай реттеуге болады?
Бірнеше кредитор алдында мерзімі өткен берешегі бар азаматтар бірыңғай цифрлық платформа арқылы бір өтініш бере алады. Платформа «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді: өтініш қарыз алушының барлық тиісті кредиторына жіберіледі. Бұл әр ұйымға жеке-жеке жүгіну қажеттілігін азайтады.
Платформаны пайдалану үшін мына талаптар орындалуы керек:
-
екі немесе одан да көп кредитор алдындағы төлем мерзімі кемінде 90 күнге кешіккен болуы;
-
жалпы берешек 150-ден 1 600 АЕК-ке дейін болуы;
-
қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу туралы сот актілері немесе өзге де тиісті шаралар болмауы.
Ұжымдық реттеу рәсімі тегін. 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін медиатор қызметіне жұмсалатын шығындарды банк және микроқаржы омбудсмандары өтейді.
Бұл тетік ипотекалық қарыздарға, автокредиттерге, кәсіпкерлік қызметке байланысты кейбір микрокредиттерге, алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерге және заңнамада көрсетілген өзге де санаттарға қолданылмайды.
Қарызды өтеу мүмкін болмаса, не істеу керек?
Егер азаматтың берешегін өтеуге объективті мүмкіндігі болмаса, заң талаптарына сай келген жағдайда соттан тыс банкроттық рәсіміне жүгіне алады. Бұл рәсім борыштық міндеттемелерді заңда белгіленген тәртіппен тоқтатуға мүмкіндік береді.
Алайда банкроттықтың салдарын алдын ала ескерген жөн. Рәсім аяқталғаннан кейін бес жыл бойы жаңа кредиттер мен микрокредиттер алуға шектеу қойылады. Азаматтың қаржылық жағдайы үш жыл бойы бақыланады, ал қайта банкроттыққа өтініш беру үшін жеті жыл күту қажет.
Соттан тыс банкроттыққа өтініш беру тәртібі туралы толық ақпаратты электрондық үкімет порталынан алуға болады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға төлем мерзімін өткізіп алуды елемей қалмай, қаржылық қиындық туындаған бойда кредиторға жүгінуге кеңес береді.
Оқи отырыңыз: Балалар қауіпсіздігі мен жасөспірімдер арасындағы заңбұзушылықтардың алдын алу мәселесі талқыланды