Несіпхан Бектенов: Бабалар мұраты Тәуелсіздікке берік іргетас болып қаланды

Несіпхан Бектенов: Бабалар мұраты Тәуелсіздікке берік іргетас болып қаланды
Желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақстанға қырын қарай бастаған Мәскеудің қаһарынан қаймықпай, диссертация қорғай алған химик ғалымның естелігі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан өз тәуелсіздігін алған уақыттан бергі отыз жыл ішінде талай асудан асып үлгерді. Осылай деген белгілі ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор Несіпхан Бектенов қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай отырып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қаншама қиындықты жеңе отырып, Мәскеуде кандидаттық диссертация қорғағаны туралы естелігін айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Ұлық мереке үстінде еліміздің тұлғалы азаматтары тарих парақтарын ақтара отырып, «Тәуелсіздікті жариялау оңай емес, оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын еді» деген ойларын ашық айтып жатыр. Ақиқатты шындық. Жаңа мемлекет, әділетті қоғам құру үстіндегі Қазақстан осы отыз жылдың ішінде талай асулардын асып үлгерді, тәубе дейміз.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Мәскеу жақтағылардың Қазақстан ғалымдарына деген көзқарастары теріс идеологияның әсерінен өзгере бастаған кез. Менің ғылым кандидаттығын қорғайтын уақытым таяп қалған еді. Алдын ала кандидаттық қорғауды кафедрада, лабораторияда және химия факультетінің кеңесінде өткіздім. Жұмысты қабылдайтын кезде үстазым, атақты ғалым Еділ Ерғожиннің бастамасымен жетекші ұйым ретінде Ленинградтағы Академиялық жоғары молекулалық қосылыстар институтын таңдадық. Өйткені қазақстандық мекемені алсақ, онда «көлекесінен қорқып жүрген» ВАК-тағыларда күмән туып қалуы мүмкін деді. Еділ аға саяси үстемдікке мойынсұнбай, тиісті жерге хабарласып, тез арада Мәскеуге, одан соң Ярославльге барып, қажетті мономерлерді ҚазМУ-дің атынан алып келуге жағдай жасауға тапсырма берді. Осылай менің кандидаттық және докторлық диссертацияма керекті мономерлерімді зауыттан алып келуіме тікелей көмектесті», – деп еске алады ғалым.

Несіпхан Бектенов ленинградтық комиссия алдындағы жеңісінен кейін қазақ ғалымдарының рухы қалай көтеріліп қалғанына тоқталады.

«Сонымен 1987 жылғы 4 қарашада аталған ленинрадтық институттың арнайы докторлық кеңесінде кандидаттық диссертациямды 20 минутта баяндап бердім. Докторлық кеңестің бірнеше мүшесі жұмысты мақтап және Қазақстанда Еділ Ерғожиннің Ионалмастырғыш шайырлар алуда әлемдегі алдыңғы қатарлы мектебінің бар екенін айтып, жұмысқа оң баға беріп, жұмысты қорғауға болатынына өз сенімін білдірді. Алматыдағы ұстазым Еділ ағаға телефон соғып, болған жағдайды айтып бердім. Өзіне сенімді ұстазым сабырлы түрде шын жүрегімен құттықтады. Желтоқсан оқиғасынан кейін Мәскеудің «саяси боранынан» еңсеміз түсіп жүрген кез еді, әлі есімде күллі ұжымның рухы көтерілді... Сондай да болған.

Біз халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екеніне кәміл сенеміз. Тәуелсіздікке берік іргетас болып қаланған бабаларымыздың асыл мұраты – ерлік пен елдігімізден күш-қуат алып, әрдайым алға баса берсін дегім келеді!», – дейді профессор.

Новости партнеров