Лондонда тарихи ғимарат көк байрақ түсіне боялды

17.12.2021 22:57
inform.kz

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күнінің құрметіне Лондон орталығындағы ғимарат еліміздің көк байрағының түсіне боялды. Сонымен қатар ел егемендігінің 30 жылдығы логотипы да қасбеттен көрініс тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ұлыбританияның басты ауданы Трафальгар алаңы жанында орналасқан тарихи ғимараттың бой көтергеніне бір ғасырдан астам уақыт болған. Қазір мұнда Қазақстан Республикасының елшілігі жұмыс істейді. Kazakhstan House деген маңдайшасы бар нысанның жанынан күнбе-күн миллиондаған туристер мен жергілікті тұрғындар өтеді. Тәуелсіздік күні кешінде Лондонда уақытша тұрып жатқан қазақстандықтар да ғимарат жанында жиналып, ұлттық әнұранымызды орындады.

«Осы мереке-тоймен құттықтағым келеді. Аман болыңыздар, сау болыңыздар. Мереке құтты болсын. Алға, Қазақстан!», – дейді «Болашақ» бағдарламасымен Кингс Колледж университетінде сот-медициналық сараптама мамандығы бойынша тағылымдамадан өтіп жатқан студент Әзиз Ибрахимов. 

«Мен алға, Қазақстан дегім келеді. Халыққа барлық жақсылықтарды тілеймін. Бұл өте жақсы бастама. Мен Қазақстанды қолдаймын!»  – дейді көше жүргіншелерінің бірі Адам Смит.