Хосе Луис Мартинес Эрнандес: Қазақстанның ұстанатын саясаты адамзат алдындағы жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді

10.11.2021 22:59

Екі ел арасындағы саяси қарым-қатынас 30 жылдан бері жалғасып келеді

Мексиканың Түркия мен Қазақстандағы елшісі қызметін қоса атқарушы Хосе Луис Мартинес Эрнандес Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Almaty.tv тілшісіне арнайы сұхбат берген еді.

Қазақстан мен Мексиканың қарым-қатынасы туралы айтсаңыз? Осы уақытқа дейін қандай нәтижеге жеттік?

– Алдымен маңызды бір дүниеге тоқталып кеткен жөн. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялаған соң 15 күннен кейін Мексика Қазақстанның егемендігін мойындаған еді. Көріп тұрғаныңыздай, о бастан-ақ біз сіздерге жақынбыз, сіздермен біргеміз. Бірінші күннен бастап-ақ сіздерге сенген едік. Сенімге селкеу түскен жоқ. Осы себепті біз үшін де Қазақстанның 30 жылдық мерейтойы өте маңызды шара. Екі ел арасындағы саяси қарым-қатынас 30 жылдан бері жалғасып келеді. Ендігі кезекте экономикалық, мәдени қарым-қатынасты дамытуға ниеттіміз. Бүгінгі кездесуде біз жүйелі жұмыстар жоспарын әзірледік. Екі ел бір-біріне жақындай түсуі үшін бір-бірінің тарихын білуі тиіс. Осы орайда бүгін қазақстандық ұстаздармен кездесіп, Мексика тарихын қазақ тілінде баяндайтын кітап туралы тілдестік.

 Екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру үшін нақты қандай қадамдар жасалуы тиіс?

– Менің ойымша, Қазақстан мен Мексиканың қарым-қатынасын бекіте түсетін, негіз бола алатын құжат болуы керек. Қазіргі таңда Қазақстан да, Мексика да түрлі халықаралық ұйымдардың мүшесі. Жақын арада Мексика да Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болмақ. Осыдан кейін біздің ынтымақтастығымыз арта түседі деп ойлаймын. Қазақстан – ядролық қарудан бас тартқан мемлекет. Мексика да Латын Америкасына қатысты дәл осындай саясат ұстанады. Бұл – біздің бірге талқылайтын, дамытатын ортақ саламыз деп санаймын. Екі апта бұрын ғана мен Қазақстан Республикасы Президентінің қабылдауында болдым. Сонда нақты жоспарлар мен алдағы іс-әрекеттерді талқыладық. Көрме өткізу мәселесі, жаңа ғана айтып өткен кітапты жарыққа шығару сынды нақты іс-әрекеттерді жоспарладық.

Алматыда Мексика консулдығы ашылды. Бұл қандай мүмкіндіктерге жол ашады?

– Алматы – Қазақстанның маңызды қаласы. Нұр-Сұлтан елдің астанасы. Алматы – экономикалық, мәдени орталығы. Сонымен қатар әдемі қала. Таңертең ұшақтан түсе сала, айналаның сұлулығына тәнті болдым. Жалпы, Қазақстан – ерекше мемлекет. «Ұлы Жібек жолы» туралы деректі фильм көрдім. Сіздердің елдеріңіздің терең мәдениеті ғажап көрсетілген екен. Қазақтар үшін жылқының қаншалықты қасиетті екенін жақсы білемін. Сол фильмде жылқыға мінген ер адам сипатталған. Меніңше, бұл өте әдемі. Мексикада да жылқыға қатысты байырғы «Чаррерия» деп аталатын дәстүр бар. Алдағы уақытта жылқы көрмесін өткізу керек деген ой туды. Бұл – Мексика мен Қазақстан үшін ортақ құндылық, ортақ дәстүр. Осылайша, біздің мәдени ынтымақтастығымыз нығайып, мәдениет саласындағы қарым-қатынасымыз  беки түседі.

Қазақстанның халықаралық аренадағы орны қандай?

– Менің ойымша, Қазақстанды бейбітшілік нышаны ретінде әлем елдері сыйлайды. Бір ғана мысал, Ауғанстандағы жағдай қаншалықты қиын болса да, Қазақстан ол елмен байланысын үзген жоқ. Атомдық қарулардан бас тартуы, ядролық экология мәселелерін шешуі жоғары бағаланады. Осы сияқты көптеген саладағы Қазақстанның ұстанатын саясаты адамзат алдындағы жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді.

Қазақстан биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Осы орайда, қазақстандықтарға қандай жылы лебіз білдірер едіңіз?

– Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан егемендігін жариялағанына 1 ай толғанын консулдықта атап өткен едік. Сондықтан бұл мерейтойдың біз үшін маңызы зор. Қазақстан әлемнің ең маңызды мемлекетіне айналсын деген тілек білдірер едім.