Тәуелсіздік құрдастары: Үлкен бақыт, зор жауапкершілік

Тәуелсіздік құрдастары: Үлкен бақыт, зор жауапкершілік
Алматыдағы №7 көп салалы клиникалық аурухана 1991 жылы пайдалануға берілген, яғни ел тәуелсіздігімен құрдас
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Осы уақыт аралығында Қазақстан Мәңгілік ел болу жолында қарышты қадамдар жасап, әлемге прогресшіл әрі сенімді мемлекет ретінде танылды. Бұның бәрі, әрине, егемендіктің арқасы. Ал тура 30 жыл бұрын дүниеге келген Тәуелсіздігіміздің құрдастары бүгінде қандай азамат болды? Дәрігер мамандығын таңдап, талай науқастың өмірін аман алып қалған білікті дәрігер Еркебұлан Меркібеков туралы Almaty.tv тілшісі Назгүл Әмірбек айтып берсін.

Ал мұнда 1800-ден астам маман жұмыс жасайды. Осы орайда  тәуелсіздікпен бірге есейіп, елмен қатар өсіп келе жатқан маманның бірі Еркебұлан Меркібеков. Мектепті алтын медальмен бітірген түлек, жоғарғы оқу орнын да үздік бағалармен тәмәмдап, бүгінде аса күрделі нейрохирургия мамандығын жетік меңгеріп алған.

«Біздің №7 қалалық емханада өте көптеген жас мамандар жұмыс жасап жатыр. Солардың бірі біздің бөлімшеде жұмыс жасайтын Еркебұлан Талғатұлы. Жұмысына өте тиянақты», – деді №7 қалалық клиникалық аурухананың қантамыр нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рауан Қастей.

Тәуелсіздік таңымен бірге түлеген азамат мыңнан астам нейрохирургиялық операцияларға ассистент болып көмектескен, 100-ден астам отаны,  соның ішінде омыртқааралық диск жарасын жою, мидың, жұлынның декомпрессионды операциялары, селективті, церебральді, нейрохирургиялық оталарды өзі жасаған.

«Алғашқы өзім жасаған операция 3-курс резидентурасында осы қантамыр нейрохирургия бөлімшесінде мидың қарыншасына қан құйылу болған, соған байланысты біз қарыншаға дринаж қоямыз арент. Алғашқы операциямыз осыдан басталған», – деді №7 қалалық клиникалық аурухананың қантамыр нейрохирургия бөлімшесінің дәрігері Еркебұлан Меркібеков.

Тәуелсіздіктің таңымен таласып дүниеге келген Еркебұлан Меркібаев өзінің егемендік құрдасы болғанын  мақтан етеді. Талай ауыр халде түскен адамдарды өлімнен арашалап қалған кезде өзіңді бір батырдай сезінесің дейді кейіпкер.

«Еліміздің тәуелсіздігімен құрдас болу  мен үшін үлкен бақыт. Бір жағынан үлкен жауапкершілік», – деді №7 қалалық клиникалық аурухананың қантамыр нейрохирургия бөлімшесінің дәрігері Еркебұлан Меркібеков.

Тәуелсіздік құрдасы егемен елдің ауасымен тыныстап, еркін өскен өрені Тәуелсіздік деген тәтті ұғымның қадірін біз жақсы түсінеміз дейді.

Назгүл Әмірбек, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров