Алматыда әйгілі суретші Ақанаевтар әулетінің көрмесі ашылды

Шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Суретшілер академиясының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған

Әйгілі суретші Ақанаевтар әулетінің шығармалары ұсынылған көрме ашылды. Көрмеге қылқалам шеберлерінің 60-тан астам теңдесіз туындысы қойылды. Шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Суретшілер академиясының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған. Экспозицияларды Almaty Gallery залында тамашалауға болады. Бұл көрме залы танымал суретшілер мен жас дарындарды қолдау мақсатында қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен ашылған болатын, деп хабарлайды  Almaty.tv

Кескіндеме және мүсіндеу өнерінің хас шебері Амандос Ақанаев 3 мыңнан астам картинаның авторы. Ол рельефтік кескіндеменің ерекше стилін қалыптастырған дарын иесі. Суретшінің қолынан шыққан шығармаларды әлем таниды. Оның туындылары қазақ тарихын жаңғыртуға арқау етілген.

«Негізгі бағыт ежелгі қазақ тарихына арналған. Біздің кескіндеме өнерінің тарихы тереңде жатыр. Археологтарымыз сонау 2700 жыл бойы сақталған кескіндемені Тарбағайдан тапқаны белгілі. Мұны балбал тастарға қашалған тотемдік бейнелер айғақтайды», – деді ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, суретші Амандос Ақанаев.

Галереяда суретшілер династиясының ең соңғы әрі үздік шығармаларынан коллекция жасалған. Әр суреттің өз тарихы, терең мән-мағынасы бар. Амандос Ақанаев картиналарды қарапайым кенеппен салып қана қоймай өзіндік әр беру үшін ағаш, металл сияқты материалдар қолданған. Кескіндемешінің ерекше дарыны ұрпақтан ұрпаққа беріліп, бүгінде оның жолын балалары мен немерелері жалғап отыр.

«Әлі де сол жаңашылдығын, жаңашылдыққа жаны жақындығын әлі қойған жоқ. Жасы егде тартқанымен өнері жас. Ол өзінің әулетін, көрмесін шығармашылық есеп ретінде әулеттің есебін беріп отыр», – деді кескіндемеші, суретші Бауыржан Байділда.

Көрме қыркүйектің ортасына дейін жалғаспақ. Өнер сүйер қауым түрлі-түсті бояу арқылы әлемнің әдемілігі, адамның толғаныс, тебіренісі, елге деген махаббаты бейнеленген картиналарды тегін тамашалай алады. Бірақ галереяға келушілер тек «Ашық» қосымшасы арқылы кіреді. Көрмеде барлық санитариялық ережелер қатаң сақталған.

Назкен Еркін, Айдана Нұраш, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир