«Байқоңырға» 50 жыл, Арал теңізі: 2005 жыл қандай тарихи оқиғаларымен есте қалды

Фото: twitter.com
Фото: twitter.com
Бүгінде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні маңызды оқиғалар тізбегінен құралады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2005 жылы Тәуелсіз Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік даму қарқыны бір қалыпқа түсті. Еліміз Орта Азия елдерімен ынтымақтастықты жаңғыртты. Президент сайлауы өтіп, бұған дейін бірнеше жыл қатарынан жарияланған «Ауыл жылы» аяқталды. Сондай-ақ ел астанасындағы «Нұр-Астана» мешітінің ашылуы сол кездегі айтулы оқиға болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

2005 жылы әйгілі «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылғанына 50 жыл толды. Бұл ретте Елбасы 2005-2007 жылдарға арналған ғарыш қызметін дамыту туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша, қазақстандық ғарыш жүйесінің жаңа дәуірі басталды.

Бұл жылдары Орта Азия елдерімен ынтымақтастық серіктестік бекіді. Нұр-Сұлтанда Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлері Кеңесі өтті. Онда ұйымға қатысушы мемлекеттер алдағы болатын саммитке әзірлікті талқылады. Бұдан бөлек, экология мәселесі, әсіресе Арал теңізінің жай-күйіне көңіл бөлінді. 2005 жылы Көкарал бөгеті салынды.

«Қызылордада Азияның 5 елінің басшылары қатысқан үлкен жиналыс өтті. Содан кейін Кіші Аралды сақтау мәселесі көтерілді. Сол бөгет 2005 жылы Аралда бітті. Содан бастап көшіп кеткен халық қайта келіп, барлығы келіп, халық ұйымдасқан, балық шаруашылығы көбейді», – деді қоғам қайраткері, бұрынғы Жоғарғы Кеңес депутаты Құдайберген Саржанов.

2003-2005 жылдар аралығы елде «Ауыл жылы» деп жарияланып, ауылдың әлеуетін көтеру бағытында қыруар шаруа атқарылды. Ауылда нарықтық реформалар жүрді. Колхоз-совхоздық жүйе жойылып, фермерлік және аграрлық шаруашылықтар пайда болды. 2005-тің тағы бір елеулі оқиғасы ретінде Президент сайлауы есте қалды. Сайлаушылардың 91 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевты таңдады.

«Болашақ ұрпағымыз қандай болады, қайда бара жатырмыз, кім едік, қайдан шықтық деген мың сауалдың жауабы табылды. Сондықтан Тәуелсіздік біздің өмірімізге мән берді», – деді А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан.

Дәл осы жылы Алматыда 4-рет Еуразиялық медиафорум өтті. Оған халықаралық және өңірлік журналистер, саясат және қоғам қайраткерлері, әлемдік бизнестің ықпалды өкілдері, 40-тан астам елден 400-ден аса делегаттар қатысты. Ал ел астанасында Орта Азиядағы ең ірі «Нұр Астана» мешіті ашылды.

Назкен Еркін, Мақсат Күнібеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров