Діндер съезі, әкімдер кеңесі: 2001 жыл қандай тарихи оқиғаларымен есте қалды

30.11.2021 01:50

Бүгінде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні маңызды оқиғалар тізбегінен құралады

liter.kz

Ғасырға татыған он жыл. 2001 жыл Тәуелсіз Қазақстан үшін көрші 5 мемлекетпен шекара шегенделген, экономикамыз жүйеленіп, сыртқы саясатта беделіміз арта түскен жыл болды. Осынау қысқа мерзімде азат елдің аяқ алысы айқындала түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Ең ауыр кезеңдерді артқа тастаған Қазақстан 2001 жылы ең алдымен, көршілес мемлекеттермен арадағы шекараға қатысты келіссөздерді толық аяқтап, ел қабырғасы нық бекіді. Бұл кезеңде терең дағдарысқа ұшыраған ұлттық экономикада өсім байқалып, инвестиция көлемі арта түсті. Ел астанасында алғаш рет әкімдердің республикалық кеңесі өтті. Трансевразиялық магистраль  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы басталды. Елімізде жаңа жолдар салынып, әуежайлар мен Каспийдегі теңіз порты қайта құрылды.

«Біз он жылға өсіп, дамыдық. Осы он жылда өткерген қиын да күрделі жолымыз мемлекет болып қалыптасуда көпжылдық ғасырмен пара-пар болды. Уақыт өте бұл алғашқы онжылдық ел тарихында ауыр жағдайларда құрылған, ізденген, халық игілігі үшін аянбай еңбек еткен жылдар болып сақталады деп ойлаймын», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

2001 жылдың маусымында «Шанхай бестігі» елдерінің алтыншы саммиті өтті. Одаққа Өзбекстан елі қосылып, бестіктің атауы «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» болып өзгертілді. Қазақстан әлемдік аренада таныла бастады. Алматыда Орталық Азиядағы экономикалық қауымдастықтың саммиті өтті. Сондай-ақ дәл осы жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен Рим папасы Павел-2 мемлекеттік сапармен елордаға келді. Діндер съездерінің өткізілуі елдегі татулықты айғақтады.

«Тәуелсіздік бізге не берді дегенде ең бастысы, өзімізді-өзіміз тануға, өзімізге сенуімізге, халқымыздың ерекше көне тарихы бар екеніне және әлемдік өркениетке тең дәрежеде үлес қосқан халық екенімізді өзімізге мойындатуға мүмкіндік берді. Бұл– Тәуелсіздіктің ең үлкен жетістігі», – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.

Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай Нұр-Сұлтанда 10 күндік декада өтті. Оған әлем елдерінің лауазымды тұлғалары мен басшылары келді. Осылайша, 10 жылда қазақ елін төрткүл дүние таныды. Бұдан бөлек, 2001 жылы алдағы 10 жылға арналған «Тілдің үш тұғырлығы» ұлттық мәдени жобасы іске асырылды. Бұл елдегі барлық этностардың тілін сақтауға, ел бірлігін нығайтуға септесті. Елбасының жарлығымен «Атамекен» Қазақстан картасы» этнографиялық-мемориалдық кешені» деп аталатын мәдениет ошағы ашылды.

Назкен Еркін, Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы