Елбасының ел егемендігінің негізін қалауға, тиімді экономиканы қалыптастыруға, үйлесімді қоғам құруға және ұлт тарихының жаңа кезеңіндегі ел дамуының басымдықтарын анықтауға бағытталған қызметі – мемлекетіміздің темірқазығы. Тұңғыш Президенттің сан жылдарда қабылдаған шешімдері ел тарихында алтын әріппен жазылып қалмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміз Тәуелсіздік алған жылы Елбасының Семей полигонын жабу туралы Жарлығы шықты. 40 жылдан астам уақытқа созылған зұлмат тоқтады. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Бүгінде қазақ елінің бұл бастамасын бүкіл әлем қолдайды. Осылайша, қазаққа қасірет болған сынақтарға нүкте қойылды.
«Назарбаев мұндай жарлыққа бірінші болып қол қойды. Осы арқылы ол өз халқымен бірге ядролық зұлымдыққа қарсы күрес тарихына енді», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов.
Кеңес үкіметі құлап, елімізде тәуелсіздік таңы атқан сәтте ұлттар мен ұлыстардың басын бір үстелге жинау, татулық пен достастықта әрі қарай ғұмыр кешу мәселесі өзекті болды. Сол сәтте Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған алғашқы форумда Қазақстан Халқы Ассамблеясын құру идеясын ұсынды. Араға 3 жыл салып, алғашында қоғамдық консультациялық-кеңесші орган болып, кейін мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға айналды.
«Бүгінде Қазақ халқының ілтипаттылығы мен кеңдігінің арқасында, өзара түсіністікте ынтымақтың ошағы жағылып тұрақтылықтың туы тігілген мемлекетімізде тағдыры тұтас, тілегі ұқсас Қазақстан халықтары аз ғана уақыт ішінде ғасырлық мәні бар табыстарға жетті», – деді «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығының төрағасы Қазақбай Қасымов.
Елбасының қабылдаған шешімдерінің бірі де бірегейі – астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру. Бұл – батыл қадам. Сол кезде кішкентай қаланың қазіргідей Еуразия жүрегіне айналатынына бірі сенді, енді бірі күмәнмен қарады. Алайда нақты шешім нәтижесі – еңселі елорданың бой көтеруіне сеп болды.
«Бұл мәселенің маңыздылығын тағы да атап өткім келеді. Бірақ егер бұрын ол таза саяси мүддеге немесе одақ басшылығының екпінді ұмтылысына негізделсе, бүгінде біз байыпты экономикалық ойларға сүйене отырып шешім қабылдауымыз керек. Бізге тәуелсіз мемлекеттің астанасы ретінде қарастыруға болатын қала қажет. Сондықтан да Парламент қолдап, осы мәселені ресми түрде қарап, шешім қабылдауын сұраймын», – деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ еліміз бітімгерлік процестерді белсенді қолдаушы ретінде танылды. Қазақстан келіссөздер жүргізетін халықаралық алаңға айналды. Бұған дәл қазақ жерінде жүргізілген Сириядағы, Пәкістан-Үндістан, Әзірбайжан-Армян арасындағы қақтығыстарды реттеу процестері дәлел. Мемлекетіміздің сыртқы саясаты құрылған күннен бастап бейбітшілікті сақтауды және тараптар арасындағы текетіресті тоқтатуды жақтаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осының бәріне бастамашы болды. Бүгінде бұл да бір тарихқа айналды.
Қайрат Советбеұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы