Қазақ халқында балаға ат қою дәстүріне ерекше мән береді. Өйткені халық арасында адамның есімі оның тағдырына әсер етеді деген пікір қалыптасқан. Бабаларымыз нәрестенің дүниеге келген күніне байланысты түрлі есім береді. Солардың бірі – Тәуелсіз есімді азамат. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен қатар, мерейлі 20 жасын атап өткен түркістандық азамат Тәуелсіз Баженов «Алматы» телеарнасында қонақта болды.
«Тәуелсіз деп атымды әкемнің нағашысы қойған. Мен бес қыздан кейін дүниеге келген жалғыз ұлмын. 16 желтоқсан күні туғандықтан, нағашым осы есімді қойғанды жөн көріпті», – дейді ерекше есімді жігіт.
Тәуелсіз Баженов сондай-ақ естілгенде елең еткізетін, сирек кездесетін есімге қызығушылық танытатындардың аз емес екенін айтады.
«Есімімнің қандай екенін кездейсоқ естіп қалғандар қандай мағына білдіретінін, не себепті мұндай ат қойылғанын сұрап жатады. Көбіне елде өте сирек кездесетін есім деп айтады», – деді ол.
Құқықтану мамандығында білім алып жатқан Тәуелсіздің мақсаты – әскери билет алып, заңгер мамандығы бойынша жұмыс істеу.
Айта кетейік, елімізде Қазақстан есімді 35, Егемен атты 6, Тәуелсіздік есімді 1 азаматымыз бар екен.