2006 жылы республиканың жаңа әнұраны қабылданды. Әнұран негізінде Шәмші Қалдаяқовтың, сөзі Жұмекен Нәжмеденовтің 1950 жылдары жазылған «Менің Қазақстаным» әні алынды. Қолданыстағы әнұранның заңды авторларының бірі – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Сондай-ақ дәл осы жылдың қараша айында Қазақстанның ұлттық валютасы теңге жаңа басылыммен қайта шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2006 жылдың 11 қаңтары. Қазақстан халқы сайлаған Елбасыны ұлықтау рәсімі өтті. Ақордада өткен салтанатты шараға 8 президент, 70 елден делегация қатысты. Олардың ішінде мемлекет және үкімет басшылары, Праламент төрағалары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері бар.
Ал 1 наурызда Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы қабылданды. Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауында Қазақстанның алға қарышты қадам басуы үшін 7 басымдықты ұсынды. Мұнда экономикалық дамудағы жаңа сапалық серпіліске жол ашылды. Экономиканы әртараптандыру халықтың әлжуаз топтарын қорғау, білім беруді дамыту, кадрлардың біліктілігін арттыру, мәдениетті өркендету, саяси жүйені жаңарту, ұлттық қауіпсіздікті нығайту жолдары қарастырылды.
«Біздің замандастарымыздың барлығының маңдайында бақыты бар екен. Осындай Тәуелсіз мемлекетті құруға атсалысып, Елбасының бастауымен үлкен істерді жүзеге асырып жатыр. Тәуелсіздіктің бергені халықтың өткеніне де, бүгініне де, ертеңіне де сеніммен қарауға сенім берді деп ойлаймын. Осы сенім үшін біз Тәуелсіздікке үлкен сеніммен қарауымыз керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай.
15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге жаңа басылыммен қайта шықты. Мұндағы шаралар банкноттағы адам бейнесінің болмауын және олардың қорғаныс қабілетінің жоғары болуын көздейді. Осылайша, жаңа банкноттың бет жағында, орталық бөлігінде «Астана-Бәйтерек» монументі бейнеленді.
«Теңге еліміздің қан тамыры ғой. Адамның қан тамыры денсаулықты жүргізетін болса, мемлекеттің қан тамыры – теңге. Онсыз мемлекет болмайды. Ұлттық рәміздер сияқты, теңге де Қазақстанның дамуына тікелей үлес қосады, қан тамырын жүргізеді», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Оразалы Сәбден.
18 маусым күні Байқоңыр ғарыш айлағынан қазақтың «ҚазСат» атты тұңғыш жасанды жерсерігі аспанға қарай зымырады.
1 қыркүйек Нұрсұлтан Назарбаев Бибітшілік пен келісім сарайының ашылу салтанатына қатысты. Бейбітшілік пен келісім сарайы британдық сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша салынды. Ғимараттың биіктігі 77 метрді, көлемі 25,5 мың шаршы метрді құрайды. Сарай ғимаратында Қазақстанның ұлттық мәдениет мұражайы, өркениеттер университеті, көрме және концерт залдары, кітапхана, әлемдік діндерді зерттеу орталығы мен кеңселер орналасқан.
Ұлағат Арғын, «Алматы» телеарнасы