30 жыл бұрын жазылған драмалық дастан театрда сахналанды. Елордадағы «Жастар театры» Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің «Қарақазан ғасыр» шығармасын ықшамдап, көрермен назарына ұсынды. Тұсауы кесілген жаңа спектакльдің режиссері – Нұрқанат Жақыпбай. Тарихи туындыда өткен ғасырда қоғамды толғандырған мәселе көрініс тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа қойылымды тамашалауға көрермен көп жиналды. «Жастар театрының» шығармашылық ұжымы мен қоюшы-режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің «Қарақазан ғасыр» драмалық дастанын өнер бағалар қауымның өн бойын шымырлататындай етіп сахналады. Шығармада ғасырлар бойы адам баласы мен қоғам арылмай келе жатқан сатқындық, екіжүзділік, күншілдік, қызғаныш пен қатыгездік секілді жаман қасиеттердің салдары көрсетіледі.
«Бұл шығарманың негізі ақ пен қараның, қараңғы мен жарықтың, қоғамдық формациялардың, жаңағы бір әулеттің жағдайын, тағдырын көрермен назарына ұсынады. Оқиғалары бірнеше параллельден тұрады. Сахнада жалпы, ұсақ-түйек деген болмайды. Соның барлығы орын-орында тұрғаны байқалады. Қазір жеңіл-желпі дүниелерден гөрі, осындай шығармалар жастарымызға көбірек көрсетілсе деген тілек бар», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ғалым Жайлыбай.
Саясат пен қоғамның зар-қайғысы Қасымның және оның анасы Айшаның, Едіге қарт пен Иіс кемпірдің, зұлым, жендет Қозыбақтың бейнесі арқылы беріледі. Қазақ даласында болған азамат соғысы, мал-мүлікті тәркілеу, саяси қуғын-сүргін зардабы суреттеледі. Драматургиялық тұрғыдан ерекшелігі – басынан соңына дейін диалогтар мен монологтардан тұрады. Мән-мағынасы да салмақты, сөздері де сүбелі туындыны сахнада жоғары деңгейде алып шығу оңай емес. Алайда қоюшы режиссердің де, көрермендердің де көңілінен шыққандай.
«Әрине, жүрек қобалжып, есіміз шыққанын жасырмаймыз. Дүниеге келген балаң секілді ғой. Халықтың сілтідей тынып, тыңдағанынан қарағанда ұнаған сияқты, ешкім шығып кетпеді, ұйықтап қалған ешкім болмады. Әсер етті деп ойлаймын, өйткені бұл жастардың аузынан шығып тұр ғой», – деді қоюшы-режиссер Нұрқанат Жақыпбай.
Драмалық қойылым қатыгездік пен қулық, сатқындықты таза ой, ізгі ниет қана жеңетінін дәлелдеумен түйінделеді. Ештеңе мәңгі емес екенін, түбі ажалдың жезұшты жебесі әркімге қадалатынын бүгінгі ұрпақтың санасына салмақтайды. Жасаған жамандық үшін жұмыр басты пенде жауап беретінін ұмытпауға шақырады.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан