Тәуелсіздік шежіресі: 2021 жыл қандай тарихи оқиғаларымен есте қалды

29.12.2021 03:41

Бүгінде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні маңызды оқиғалар тізбегінен құралады

Коллаж

2021 жылы ел егемендігінің 30 жылдығын ел-жұрт болып атап өтіп жатырмыз. Тәу етер Тәуелсіздік мерекесіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажет екенін айтқан еді. Бұдан бөлек, биыл жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы кең көлемде атап өтілді. Тағы бір айта кетерлігі, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Қазақстан халқының саны 19 миллионға жетті. Орда бұзар отыз жасқа толған тәуелсіз Қазақстанның осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 10 қаңтарында елімізде Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша, 10 қаңтарда Парламент сайлауы өтіп, келесі күні Қазақстан халқы ассамблеясы Мәжілістегі өз өкілдерін сайлады.

«Қазір ғана exit pool-дың нәтижесі, қорытындысын өздеріңіз көрдіңіздер, партиямыз тағы да үлкен басымдықпен жеңіске жетті. Nur Otan өзінің мақсаты айқын, ісі нақты, қуатты саяси күш, нағыз халықтың партиясы екенін дәлелдеп шықты. Халқымыз бізге тағы да 5 жылға сенім көрсетті», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

15 қаңтарда Мәжілістің жаңа құрамы жұмысын бастап, оның басқару органдары құрылды. 28 сәуірде Нұлсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІХ сессиясы өтті. Форумда Тұңғыш Президент Мемлекет басшысына Қазақстан халқы ассамблеясы төрағалығын тапсырды. Ал 31 наурызда Мемлекет басшысы онлайн форматта өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бересми саммитіне қатысты.  

«Біздің мақсатымыз – түркі әлемін ХХІ ғасырда маңызды экономикалық және мәдени гуманитарлық кеңестіктің біріне  айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен, Яссауи мұрасымен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл жылы Қазақстан халқының саны 19 миллионға жетті. Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы еліміздің он тоғыз миллионыншы азаматы ретінде тіркелді.

«Кеше түнгі сағат 23.00 шамасында естідік. Өзімнің дәрігерім хабарласып айтты. Президент құттықтапа жатыр деді. Соны естіп, шыны керек, қуаныштан айтарға сөз таппай қалдым», – дейді 19 миллионыншы тұрғынның анасы Назгүл Көбентаева.

«Шыны керек, бастапқыда сеніңкіремедік. Шатасып кеткен шығар деп ойладық. Өте қуанштымыз! Елімізде халық саны көбейе берсін. 19 миллионнан 20 миллионға тезірек жетейік. Қазағымыз көбейе берсін», – дейді 19 миллионыншы тұрғынның әкесі Азамат Нұрғалиев.

1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялады. Онда экономикалық және әлеуметтік даму инфляциясын төмендету, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелеріндегі қызметтердің сапасын жақсарту сынды міндеттер қойылды.

«Біздің күш-қуатымыз – берекелі бірлікте. Ендеше бірлігімізді бекемдеп, ел үшін еңбек етейік. Қасиетті Отанымыз мәңгі жасай берсін», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тәуелсіздік күнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады. Салтанатты жиында Президент егемендікке жетудің қиын-қыстау жолы мен тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жеткен жетістіктерін атап өтті.

«Тарихи уақыт өлшемімен қарағанда 30 жыл – қас-қағым сәт. Ал өткен оқиғалар тұрғысынан бағаласақ, ғасырларға татитын мерзім. Қазақстан халқы үшін бұл – азаматтық жылнамасының тұтас дәуірі. Жарқын болашағымызға жол салған ұлы жетістіктер кезеңі. Енді Тәуелсіздіктің 4-ші онжылдығына қадам басқалы тұрмыз. Бұл кезең бізге жаңа міндеттер жүктейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тұңғыш президент – Елбасының жетекшілігімен өткен жылдар жаңарған Қазақстанның ұлттық тарихындағы маңызды парақтар саналды. Тәуелсіздік шежіресі – Қазақстан Республикасы 30 жылды қамтыған дамудың даңғыл жолы. Осы аралықта Нұрсұлтан Назарбаев елдің мерейін үстем етіп, күш жігерін жұмсады. Тәуелсіздік жылнамасы - бұл ұрпағымыз жалғастыратын маңызды істердің жылнамасы.

Қасымхан Талғатұлы, Мақсат Күнібек, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы