Бүгінде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні маңызды оқиғалар тізбегінен құралады
Тіл тұғырына қонған жыл. 2007 жыл «Қазақ тілін қолдау» жылы болып жарияланды. Мемлекеттік тілді дамытуға қомақты қаржы бөлініп, соның аясында ғылыми әдебиеттер мен сөздіктер жарыққа шықты. Өзге ұлттар арасында байқаулар ұйымдастырылды. Дәл сол жылы Қазақстанның өкілі Шанхай ынтымақтастық ұйымына бас хатшы болып сайланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ел егемендік алғаннан кейін 16 жылды артқа тастап, дамуға ден қойдық. Буыны қатайған, бозбала шаққа жеткен тәуелсіз мемлекеттің алдында өнеркәсіпті, тілді, білім мен ғылымды жетілдіру мақсаты тұрды. Кезең-кезеңімен бұл белестерді еңсере бастадық. Осындай іргелі саясаттың арқасында экономика көтерілді, халықтың тұрмысы жақсара бастады.
«Біз жаңа экономикалық жүйенің, демократиялық құқықтық мемлекеттің іргетасын қалыптастырып, осы заманғы қоғамдық институттарды нығайттық, өмір сапасы мен ұсыныстарын өзгерте білдік. Біз ішкі тұрақтылыққа қол жеткіздік, дамудың әлеуметтік базасының сенімділігін қамтамасыз етіп, өңірдегі үздік экономиканы құрдық», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Дәл осы жылы Қазақстан өзіне тиесілі байлығын өзі игере бастады. Бұл да Тәуелсіздіктің ең сүбелі жемісі болатын. Жыл басында Үкімет ауысып, жаңа билік жасақталды. 12 қаңтар күні Министрлер кабинетінің алғашқы отырысы өтті. Сол жылдың қазан айында 2008-2010 жылдарға арналған «Жасыл ел» бағдарламасы бекітілді. Сондай-ақ еліміздің білім саласында біршама өзгерістер болды. 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге аса бастады. Және ең айтулы оқиғалардың бірі – бұл жыл «Қазақ тілін қолдау» жылы болып жарияланды.
«Қазақ тілінде оқитын мектепке барсаң марқайып, өсіп қаласың. Әлдебір іс-шараларға барсаң, кеудеңді қуаныш кернеп, рахаттана түсесің. Қазақ тіліндегі мектепте оқитын балалар өз әдебиетіне, мәдениетіне, өз тарихына өте ынтық. Содан рухтанған, содан нәр алған. Қазақтілді мектепте оқыған балаларда керемет рух болады. Қарап тұрып, сүйсінесің. Олар сөйлегенде көзінен нұр шашып, қазақы рух сезіліп тұрады», – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы.
Сол жылды мемлекетіміз ел ішіндегі елеулі жаңалықтарымен ғана емес, халықаралық дәрежедегі салмақты қадамдарымен де табысты еңсере білді. 2007 жыл елді өмірдің қай саласында болмасын шыңдай түсті. Осылайша, тілін, жүйелі экономикасын, білімі мен ғылымын бір қалыпқа келтірген Қазақстан ендігі назарын ел жастарына бұрды.
Қайрат Советбекұлы, «Алматы» телеарнасы