Тұңғыш Президенттің жерлесі Тәуелсіздіктің маңызына тоқталып, өз естелігін айтты
«Ата-баба аңсаған Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Енді соның құндылығын егеменді елдің жастары сақтай білсе, одан асқан бақыт жоқ». Осылай деген Тұңғыш Президенттің жерлесі Әлфия Баубекова бұрынғы мен бүгінді таразылап, өз естелігін бөлісті. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің маңызына тоқталып өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елбасын бала кезінен танитын Әлфия Баубекованың сөзінше, өз заманында бүгінгідей тоқшылық пен еркіндік бола бермепті. Қазақтілді мектептердің тапшылығынан білім алуда да қиындықтар туындайтын дейді. Сондықтан бүгінгі жас буынды егемендіктің қадірін түсіне білуге шақырды.
«Бәріміздің тілегіміз – Отанымызға ұл-қызымыз адал болса екен, балаларымыз отаншыл болса екен. Отаншыл болу үшін Нұрсұлтанның адами қасиетін барлық Қазақстанның жастарына бойлата алсам деп ойлаймын», – деді Елбасының ауылдасы Әлфия Баубекова.
Әлфия Баубекованың сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық қасиеті бала күнінен білініп тұратын. Мектеп қабырғасында ғана озат емес, іс-шараның бәрінде алғырлығымен көзге түсетінін айтты. Ал бүгінде сол мінездің арқасында ел бастаған Елбасы мемлекеттің дамуындағы еңбегі зор дейді.
«Нұрсұлтанның «Алып құрылыс қабырғасын қалап жатырмын» деп айтқан әні есімде. Сол аңсаған заманды қазір Нұрсұлтан ақиқатқа айналдырды, шүкір. Оның қазір қолға алған бағдарламаларын, істеп жатқан істерін келешек жастарға жеткізе алсам, түсіндіре алсам, өзімді бақыттымын деп санаймын», – деді Елбасының ауылдасы Әлфия Баубекова.
Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қарыштап даму жолына түсе білді. Бәсекеге қабілетті өзге мемлекет мойындаған дербес республикаға айналдық. Сондықтан егемендік жолындағы әр еңбекті бағалап, терең түсіне білсек, елдігіміз асқақтай бермек дейді Елбасының жерлесі.
Оразай Нұртай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы