8 қараша – мемлекеттік рәміздерді елордаға жеткізген күн. 1997 жылы 20 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. Ал дәл сол жылдың 8 қарашасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмолаға шығарып салу рәсімі өткен болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – болашақ астана өміріндегі елеулі кезең болатын. 8 қарашадан бастап қала мемлекеттік рәміздер эталондарын сақтаушыға айналды. Заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ ұлттық нышандарымызды ерекше қадірлеу керек екенін тілге тиек етті. Әсіресе шетелде еліміздің туы асқақтап, әнұранымыз орындалса, рухымыз көтеріледі дейді. Ол өз сөзінде мемлекеттік рәміздер жеткізілген күннің маңыздылығына да тоқталып өтті.
«Сол кездегі тағайындалған әкім Жақсыбеков мырзаның естелігінде жазылады. 8 қараша күні күн өте салқын, ауа райы ауырлау күн болды. Бірақс оған қарамастан, біз Президенттің ұшағын қарсы алдық. Онымен мемлекетіміздің рәміздері келді. Бірақ қазақтың дәстүріне сәйкес мемлекеттік туды, мемлекеттік рәміздерді отпен аластап қарсы алған екен. Содан кейін Елбасымыздың алдына ақ төсеп, салтанатты түрде мемлекеттік рәміздерімізді қарсы алған», – деді ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі Үнзила Шапақ.
Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері осыдан 29 жыл бұрын, 4 маусым күні бекітілген болатын. Содан бері аталмыш датаны барша қазақстандықтар айтулы мереке ретінде атап өтеді. Десе де, тарихшы Жақсылық Сәбитов отандастарымыздың осы рәміздерге деген құрметі, оларды қастерлеуі әр уақытта ерекше сезіліп тұруы тиіс дейді.
«Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру өте маңызды қадамдардың бірі болды. Себебі бұл еліміздің заманауи бет-бейнесін ашуға көмектесті. Астананың бүгінгі саяси аренадағы келбеті мен маңыздылығы әлі талай әлем мемлекетіне үлгі болары анық», – деді тарихшы Жақсылық Сәбитов.
1997 жылдың 8 қарашасында мемлекеттік рәміздеріміз Алматыдан Ақмолаға ауыстырылған кезде алғаш елордамызға қоныс аударған жандардың бірі Уалихан Қалижан еді. Осы салтанатты рәсімнің басы-қасында болған еліміздің еңбек сіңірген қайраткері сол кезеңдегі Ақмола атауының не себепті өзгергенін атап өтті.
«Ақмола деген атауда мола деген сөз бар. Моланың жаман сөз екені түсінікті. Көптеген қоғамдық және оппозициялық ұйымдар, кейбір қайраткерлер, сондай-ақ, Ресейдің саясаткерлері қосылып, «Қазақстан молаға бара жатыр» деген мағынада жазып жатты. Астарлы ойларын төпеп жатты. Сол уақытта мен ономастика комисиясының мүшесі едім. Сөйтіп Ақмоланы Астана деп атау туралы ұсыныс түсті», – деп еске аладым ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижан.
Елтаңба, Ту, Гимн. Осылайша, біздің де мемлекеттік рәміздеріміз XX ғасырдың тоқсаныншы жылдары халықаралық қауымдастықта ресми түрде мойындалды. Мамандар «алғашқы жылдардағыдай емес, қазір еліміздің Әнұранының мәтінін білмейтін жан кемде-кем» дейді. Ал ол – насихаттың жемісі.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан