2008 – әлем елдері шыдамының шымбайына тиген жыл болды. Күллі жаһанды тұрақсыздық жайлады. Бұл қаржылық-кредиттік құлдырау Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Алайда мемлекетіміз жаһандық дағдарыстың екінші қуатты толқынын сәтті еңсерді. Осылайша, егемендіктің 17 жылын артқа тастап, бозбала жасынан еліміз ересек өмірге қадам басты. Қазақстанның дағдарысқа қарсы саясаты Орталық Азия өңірі мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ішінде ең тиімді жол болып саналғанын да әлем мойындайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2008 жыл елге де, әлем мемлекеттеріне де оңай тиген жоқ. Әр елдің сындарлы саясаты сыңға түскен жыл болды. Елімізде бір жыл бұрын ғана жасақталған жаңа Үкімет тәртібінде АҚШ пен Еуропада күрт белең алған жұмыссыздық тәжірибесін қайталамау мәселесі өзекті болды. Президенттің тапсырмасы бойынша дағдарысқа қарсы «Жол картасы» бағдарламасы қабылданып, жұмыссыздық пен қымбатшылыққа тосқауыл болар тетік қосылды. 14 мамырда Елбасының қатысуымен «Жас Отан» жастар қанатының бірінші съезі өтті.
«Бұл съезд жалпы жастарға үлкен серпіліс берді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жалпы «Жас Отанның» алдындағы бағдарларын айқындап берді. Мысалға, сапалы білім, еңбек, сонымен қатар бәсекеге қабілетті жастарды, яғни кадрларды дайындауды көрсетті», – деді қалалық «Жас Отан» жастар қанаты төрағасының орынбасары Әкежан Кеңесов.
Сол жылдың қаңтар айында отандастарымыздың көшіп келу квотасы туралы ҚР Президентінің Жарлығы шықты. Ал 2 желтоқсанда Үкіметтің қаулысымен 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы бекітілді. Оның мақсаты айқын еді. Елге бұрын көшіп келушілерге Үкімет көмек ретінде баспана да берді, қаржылай да жәрдемдесті, бірақ дәл жұмыспен қамту жағы дұрыс жолға қойылмады. «Нұрлы көш» бағдарламасы - осы қажеттіліктерді кешенді түрде шешуге бағытталды.
«Асқар Алатаудың баурайындағы ару қаламыз Алматы Афины мен Пекиннен кейінгі, 2008 жылғы ХХІХ Олимпиада ойындарының эстафетасын қабылдайтын қала ретінде белгіленді», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазына» тұрақты даму қоры мен «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару холдингі біріктіріліп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры болып құрылды. Ол дағдарысты еңсеру діңгегіне айналды.
Қайрат Советбекұлы, «Алматы» телеарнасы