Алматыда Желтоқсан оқиғасы туралы жаңа кітаптар жарыққа шықты

Бұл кітаптар Алматы қаласы әкімдігінің қаржылай қолдауымен жарық көріп отыр

Алматыда Желтоқсан оқиғасы туралы жаңа кітаптар жарыққа шықты Almaty.tv

«Желтоқсан. Декабрь. 1986». Алматыда Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы қарсаңында осындай атаумен кітаптың тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

  

Кітапта сол кездегі оқиғада болған ресми құжаттар мен қаулылар топтастырылған. Үш бөлімнен тұратын туындыны Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының кандидаты Берік Әбдіғалиұлы құрастырған. Сондай-ақ ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен Желтоқсан оқиғасына қатысушылар пікір білдірген.

Желтоқсан оқиғасын кезең-кезеңімен баяндайтын кітап 1 мың тиражбен басылып шықты. Алдағы күндері оқырман қауымынан сұраныс болып жатса, оның санын көбейту жоспарланған.    

«Бұл кітапта жан-жақта, газет-журналдарда жазылып айтылып жүрген мақалалар топтастырылып беріліп отыр. Кітаптың салмағы –  1 кг 710 гр. Кітаптың тұсаукесер рәсімі кеше Астанада өтті, бүгін Алматыда өтіп отыр», – деді қоғамдық кеңес мүшесі Құсман Шалабаев.

Сондай-ақ қаладағы Антон Чехов атындағы кітапханада да Талғат Айтбайұлының «Алматы. 1986. Желтоқсан» атты 5 томдық кітабының тұсаукесері өтті.

Айта кеткен жөн, бұл кітаптар Алматы қаласы әкімдігінің қаржылай қолдауымен жарық көріп отыр. Ғалымдардың айтуынша, мұндай шығармалардың жарық көруі алдағы уақытта дұрыс тұжырым шығару мен өскелең ұрпаққа Тәуелсіздіктің қадірін ұғындыруда таптырмас құрал.

«1986 жылы болған оқиғаға қатысты таусылмайтын тарих, таусылмайтын естелік көп. Біз сол тарихтың шетін ғана мүжіп жүрміз ғой деген ойдамын. Мен жақында 15-томды аяқтадым. Қазіргі уақытта басылып жатыр. 17 желтоқсан күні алаңға алып барамын, 100 данамен басылып шығып жатыр», – деді «Алматы. 1986. Желтоқсан» көптомдық кітабының авторы Талғат Айтбайұлы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир