Желтоқсаншылар балалар үйінде қайырымдылық шарасын ұйымдастырды

18.11.2021 01:30

Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар «Жанұя» балалар үйіне барып, қажетті оқу құралдары мен азық-түлік себеттерін табыстады

Almaty.tv

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай өтіп жатқан «Патриоттық рух – басты құндылық» жобасы аясында желтоқсаншылар балалар үйінде қайырымдылық шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар Алматыдағы «Жанұя» балалар үйіне барып, қажетті оқу құралдары мен азық-түлік себеттерін табыстады. Сондай-ақ естелік айтып, егемендіктің мәніне тоқталып өтті.

«Жасөспірімдерге моральдық тұрғыдан болса да, жалпы қайырымдылық шараларын жасасақ та, еш артықтығы жоқ. «Патриоттық рух – басты құндылық» бағдарламасы бойынша бірінші осы балалар үйі келіп тұрмыз. Енді бұл бағдарлама ары қарай да жалғасады. Басқа да балалар үйіне барып, осындай шаралар өткіземіз», – деді «Желтоқсан жұлдыздары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Мұстафина.

Медеу ауданында орналасқан «Жанұя» балалар үйінде 505 бала тәрбиеленіп, білім алып жатыр. Мұнда олар спорттық үйірмелерге қатысып, білімімен қатар, біліктілігін шыңдауға мүмкіндік алады. Ал тәрбиешілердің айтуынша, дәл бүгінгідей кездесу балалардың ой түйіп, бой түзеуіне септігін тигізеді.  

«Кездесу барысында біздің балалар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, қажетті мағлұмат алып, болашақта пайдасы тиетін рухани азық алды деген ойдамын», – деді мамандандырылған «Жанұя» кешені КММ директорының орынбасары Айнаш Қалиева.