Түркияда өткен байрақты додада тұғыр биігінен көрінген спортшылардың басым бөлігі – алматылықтар
«Жеңісімізді ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаймыз». Грэпплингтен өткен әлем чемпионатында топ жарған Руслан Исраилов пен басқа да жүлдегерлер осылай дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, Түркияда өткен байрақты додада тұғыр биігінен көрінген спортшылардың басым бөлігі – алматылықтар.
Бұл залда қазақтың атын әлемдік деңгейде танытқан талай жекпе-жек шебері шыққан. Олардың қатарына UFC де өнер көрсететін Артем Резников пен Сергей Морозовты және Жалғас Жұмағұлов пен Дамир Исмагуловты қосып айтуға болады. Мамандардың айтуынша, осындай залдардың арқасында соңғы уақытта джиу-джитсу мен грэпплингке қатысатын жастардың саны күрт артқан.
Еліміз тәуелсіздік алғалы жаңа спорт түрлері жанданып, жаттығу залдары көптеп салына бастады. Республикада грэпплинг пен джиу-джитсуға арналған 50-ге жуық спорт орталығы болса, соның 15-і Алматыда орналасқан және бұл спорт түрлеріне жастардың қызығушылығы мол дейді мамандар. Осындай еңбектің арқасында отандастарымыз Стамбұлда өткен әлем біріншілігінде 2 алтын, 1 күміс және қола еншілеп, командалық есепте бірінші орынға шықты. 83 келі салмақта сынға түскен Руслан Исраилов Әлем чемпионы атанды.
«Финалда кездескен бразилиялық қарсыласымды ұту басқаларға қарағанда қиынырақ болды. Себебі, ақтық кезеңге дейінгі қарсыластарымды уақытынан бұрын ұтсам, финалда ұпай санымен жеңіске жеттім. Сондықтан мені қолдаған әр жанкүйерге алғысым шексіз», – деді грэпплингтен әлем чемпионы Руслан Исраилов.
Бүгінде Стамбулда өткен әлем чемпионатынан кейін барлық мемлекет Қазақстанды бәсекелес көріп, жарыс фавориті санайды. Ал ұлттық құрама бапкері аз ғана уақыт ішінде мұндай жетістікке жетудің басты сырын Тәуелсіздікпен байланыстырады. Себебі, егемендігіміздің арқасында еш уайымсыз жаттығып, кез келген жарысқа еркін барамыз дейді.
«Келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Елімізден осындай спортшы балалар шыға берсін. Алдағы уақытта әнұранымыз шырқалып, туымыз көтеріле берсін. Бәріне тек денсаулық тілеймін. Алға, Қазақстан!», – деді грэпплингтен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Елдос Ихсанғалиев.
Соңғы рет AIGA қауымдастығы ұйымдастырған жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігіне 1 500-ден астам қатысушы тіркеліпті. Осының өзі жастар арасындағы бәсекенің артқанын байқатады. Ал қаладағы заманауи талапқа сай жабдықталған залдарда жастар еркін жаттығуға мүмкіндік алады.
«Бізге жаттығуға ыңғайлы. Бізде джиу-джитсудан Америкадан келген Адам Фокс деген бас жаттықтырушы бар. Бапкеріміз өте жақсы үйретеді. Залда барлық жағдай жасалған», – деді қатысушы Бислан Мурзаев.
Айта кетейік, талабы таудай спортшылардың ендігі мақсаты – Абу-Даби қаласында өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғап, тұғыр биігінен көріну.
Мерей Қанапиянов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы