Бүгінде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні маңызды оқиғалар тізбегінен құралады
Егемендік жолында ел бірлігін сақтау үшін кемел қадамдарға барған Қазақстан 2009 жылы экономикалық жаңа кезеңдерге аяқ басты. Экологиялық жағдайды басты назарға алып, эконмикалық мәселелерді шетелдік мамандармен талқыға салу да дәл осы жылдың қатпарында қаралған болатын. Ал әлемдік экономикалық дағдарыс ол кезде біздің елемізді де айналып өтпеген болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елдігінің еңсесін түзеп, егемендіктің алғашқы онжылдығын өткерген Қазақстанды 2009 жылғы әлемдік дағдарыс айналып өтпеді. Ұлттық қордағы ең үлкен қаржы көлемі де дәл осы жылы бөлініп, әлеуметтік нысандар мен тұралап қалған тұрғын үй құрылысын қайта жандандыруға бағыттап еді.
«Тұралап қалған экономиканы қайта тұрғызу, жаңаша даму жолына түсіру тақыр жерден тау тұрғызумен бірдей болғаны есімізде. Ел болып, ол қиындықтарды да еңсеріп өттік», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Етегін енді жиған елдің экономикалық дағдарысын еңсеріп, қалыпты арнаға түсіру үшін Елбасы жалпақ жұртқа жолдау жасап, болашаққа бастар «Батыл бес қадам» бағдарламасын ұсынған болатын. Қазіргі сарапшылардың пікірінше, 2009 жылғы қаржылық тоқырауды дәл сол бес қадам құтқарып қалған.
«Осы «Бес бастыл қадам» деген бағдарлама сол уақыттағы қиын дағдарыстан Қазақстанды алып шықты, және сол дағдарысты еңсеруге септігін тигізді. Ең маңызды мәселе – қаржылық жүйенің тұрақталуы. Екінші үлескерлердің мәселесінің шешілуі. Кәсіпкерлерге және олардың жұмысының тоқтап қалмай, ары қарай дамуына бір импульс болды деп айтуға негіз бар», – деді экономист, GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры Мақсат Халық.
Ал мәдениет тұрғысында да тасы өрге домалаған Қазақстан дәл осы жылы қазақ киносының іргетасын қалаушы Шәкен Айманов атындағы ұлттық киностудиясында «Бәйтерек», «Арман-қала», «Астана – махаббатым менің» секілді бірқатар жаңа киножобаның көрсетілімін өткізді.
Сонымен қатар ел ішіндегі ірі білім ордаларын қайта қалыптастыруға бар күшін салған.
Тәуелсіздік тармағындағы 2009 жыл, қадірлі қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтілуімен есте қалды. Ширек ғасырлық тарихы бар білім ордасы бүгінде Тәуелсіз Қазақстанмен бірге жанданып келеді.
«Ең бір маңызды мәселелердің бірі, әрине, халық санағының жүруі болды. Осы халық санағының нәтижесі кезінде егер қателеспесем, 16 миллион 340 мыңнан аса адам тіркелген болатын. 2009 жылы 3 қазан күні түркітілдес елдердің 9-саммитінің өткенін, сол саммитке біздің Елбасымыз тікелей мұрындық болғанын айтуға болады», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева.
Қатпарлы тарихта 2009 жыл Қазақстан үшін қиын кездерді еңсеріп, болашаққа жаңа қадамдар жасаған жасампаз ел ретінде күнтізбеге кірді. Ұлт болашағы жарқын болу үшін жасалған сол кездегі кемелді қадамдар бүгінгі күнде де жемісін беріп келеді.
Әлібек Шынтемір, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы