1998 жыл елімізде «Халық тұтастығы мен ұлттық тарих жылы» деп жарияланды. Расында, тәуелсіз жаңғырудың, еркін ел болудың осы жылдарда Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз жарлығымен тарихи танымға айрықша мән беру қажеттігіне пәрмен бергендей еді. Шынында да, ел іргесі бүтінделді, халықаралық қатынасымыз дамып, шет мемлекеттермен байланыс күшейді. Экономикалық серпіліске жан бітіп, рухани жаңғыруға да жол ашылды. 1998 жылы Бас қаламызға айналған Ақмолаға Астана аты берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1998 жылы жаңа астананы әлем жұртшылығына таныстыруға дайындық жұмыстарына Елбасы тікелей жетекшілік етті. Құрылысы енді аяқталған нысандарды өзі қабылдап, ашылу рәсіміне қатысты. Арқа төсінен бой көтерген елорданың жаңа атауы да күн тәртібіне шығарылды. 1998 жылы 6 мамырда елорда мәслихатының сессиясында депуттар қала атауын Астанаға ауыстыру туралы шешімді бірауыздан қабылдады. 20 мамырда президент Астана қаласының мәртебесі туралы заңға қол қояды.
«Тәуекелге бел байлатып, назарымызды сындырмаған ізгі ниеттің ізгі нәтижеге, асыл арманның абыройлы іске айналуын кеңінен қолдау көрсетіп, қысылғанда тірек, қиналғанда медет болған туған халқыма, барша отандастарыма, күллі қазақстандықтарға басымды иіп, адал перзенттік жүрегіммен разымын. Садағаң кетейін, айналайын халқым, сенің мүддең жолында бойда қуат, ойда нәр бәрін аянбай сарп етуге пейілмін деп айтқым келеді», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев (1998жыл).
Алматыда Нұрсұлтан Назарбаев 1998 жылы ұлттық компаниялардың басшыларымен, сондай-ақ инвесторларлармен және басқарушы компаниялардың жетекшілігімен мәжіліс өткізді. Бұл кезде Қазақстанның 200-ге тарта кәсіпорнын инвесторлар басқаратын.
«Тәуелсіздіктің тұғыры таймай тұрса, Құдай қаласа, Қазақстанда халық саны көбейеді. Өмір сапасы артады. Және Қазақстан сөзсіз, тек Орта Азияның көшін бастамай, жалпы Азияның жолбарысы болуға мүмкіндігі бар ел дегім келеді», – деді жазушы, қоғам қайраткері Смағұл Елубай.
1998 жыл 1 қаңтардан бастап жаңа зейнетақы жүйесі іске қосылды. Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық жалақысының 10 пайызы мөлшерінде зейнатақы жарнасын аударатын болды. Азаматтарға әлеуметтік жеке нөмірлер беріле бастады. 1998 жылы жаппай төлем карталары енгізіле бастады. Бүкіл ел аумағында банкоматтар мен төлем карталар қабылдайтын терминалдар пайда болды. Идеялық тұрғыдан 1988 жыл Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп жарияланып, халықтың тарихи санасын тереңдетуге күш салынды.
«Ал биылғы жылды халықтың тұтастығы мен ұлттық тарих жылығңдеп жарияладым. Бұл жылы да біз өткен жинақталған тәжірибені ескере отырып, тұғырдан тайса да, санадан әлі сарыла қоймаған тоталитаризм идеологиясын әшкерелеуде әрі қарай жалғастыра түсуіміз керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
30 қыркүйекте Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үшінші Жолдауын жасады. Онда қоғамдық демократияландыру, экономикалық және саяси реформалар мәселелері көтерілді. Сондай-ақ 1998 жылы Алматыда «Евразия» кинофестивалі алғаш рет өткізілген еді.
«Тәуелсіз еліміз бар, жеріміз бен туымыз бар, яғни бақыт деген сол ғой. Кейбір халықтардың саны бізден де көп болуы мүмкін, бірақ жері, мемлекеті жоқ. Тәуелсіздік деген сенің, Қазақ елінің бар екенін бүкіл әлемге білдіру», – деді ақын, халықаралық алаш сыйлығының лауреаты Қазыбек Иса.
Сол жылы Астанада мұз қалашығы ашылды. Еліміз Тәуелсіздіктің жетінші жылынды мерейлі тойына орайластырылған салтанатты шаралармен 1998 жылды қорытындылады.
Қасымхан Талғатұлы, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы