Футзалдан «Қайрат» клубы ел біріншіліктері мен халықаралық чемпионаттарда 49 мәрте топ жарған

kff.kz
kff.kz
«Қайрат» құрамасы – тәуелсіздік жылдары құрылған еліміздегі алғашқы кәсіби клубтардың бірі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Футзалдан «Қайрат» құрамасы осыған дейінгі чемпионаттарда 49 мәрте топ жарса, соның 7-уі – халықаралық турнир. Футболшылар мұндай жетістікке жетудің басты сыры Тәуелсіздікпен байланысты екенін айтады. 1995 жылы Алматыда құрылған клуб аз уақыт ішінде үлкен додаларда көзге түсіп, УЕФА рейтингінде соңғы 10 жылдан бері үздік төрттікте келе жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бұл трофейлер «Қайрат» футзал құрамасының 1995 жылдан бері жеткен жетістіктері. Олардың арасында клубтар арасындағы әлем чемпионаты мен чемпиондар лигасының және ел біріншіліктерінің кубоктары бар.

«Қайрат» құрамасы – тәуелсіздік жылдары құрылған еліміздегі алғашқы кәсіби клубтардың бірі. 2004 жылдан бері қатарынан 18 рет ел біріншілігінде топ жарса, 17 мәрте Қазақстан кубогін және 7 рет супер кубокты иемденді. Ал Чемпиондар лигасының жартылай финалын «Қайратсыз» елестету тіпті мүмкін емес. Алматылық клуб 2013 жылы аталмыш турнирдің ақтық кезеңінде Мәскеудің «Динамосын» жеңсе, 2015 жылы финалда әйгілі «Барселонаны» қапы қалдырды. Сол себепті бүгінде алматылық клубтан Еуропаның кез келген командасы сескенеді.

«Тәуелсіздік алғалы бері 30 жыл ішінде алпауыт командалардың біріне айналдық. Аллаға шүкір. Қазақстандықтарды келе жатқан мерекелерімен құттықтаймын. Осылай еліміз аман, жеріміз тыныш болсын», – деді «Қайрат» ФК ойыншысы Біржан Оразов.

«Тәуелсіздік күні – Қазақстан үшін тарихи күн. Мен де өзімді осы елдің азаматымын деп санаймын. Ел намысын әрқашан да қорғауға дайынмын», – деді «Қайрат» ФК қақпашысы Лео Игита.

Еске сала кетейік, Ұлттық құрама сапында өнер көрсететін ойыншылардың 9-ы – алматылық. Қазақстан УЕФА рейтингінде әзірге 4-орында келе жатыр. Көш басында Испания тұрса, Ресей екінші орында тұр, ал үздік үштікте Португалия құрамасы бар.

«Дайындығымыздың соңғы аптасы. Келесі аптада Чемпиондар лигасы аясында Түмен қаласында элиталық кезеңде ойнаймыз. Қарсыластарымыз беларусьтық «Витэн» клубы мен Францияның «Аньер-Вильнев» және Ресейдің «Тюмень» командасымен ойнаймыз», – деді «Қайрат» ФК қақпашысы Дәурен Тұрсағұлов.

Алматыда Қайраттың 2 базасы мен академиясы және жеке фан-клубы бар. Алдағы уақытта негізгі құрамдағы ойыншылардың орнын жас футболшылар басады деген сөз.

«Алдағы уақытта чемпиондар лигасында өнер көрсетсем деген арманым бар және Қазақстан құрамасының атынан өнер көрсеткенді қалаймын», – дейді «Қайрат» ФК қақпашысы Ержан Қарменов.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы 2018 жылы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанса, жақында аяқталған әлем біріншілігінің жартылай финалына сүрінбей жетті. Ендігі мақсат – 2022 жылы Нидерландыда өтетін кәрі құрлық елдері арасында топ жару.

Мерей Қанапиянов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров