Президент сайлауы, ҰҚК шекара қызметі: 1999 жыл қандай тарихи оқиғаларымен есте қалды

26.11.2021 02:35

Бүгінде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні маңызды оқиғалар тізбегінен құралады

Almaty.tv

1999 жыл. Бұл егемендік алған елдің еңсесін шын тіктеген уақыты еді. Оған дейін қиырдан қандасын көшірген Қазақстан сол жылы тұңғыш рет халық санағын өткізді. Шекарасын шегендеп, ереже қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.          

1999 жылдың атап айтар айрықша оқиғасының бірі – тарихи танымға өзгеше көңіл бөлінуі еді. Президент жарлығымен дәл осы жыл «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жарияланды. Мәні тәуелсіздікті нығайту болған мұндай шаралар елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайының оңалуына да әсер етті. Одан бөлек, 1999 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтті. Баламалы негізде тұңғыш рет демократиялық үрдіспен жүзеге асқан бұл сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Сондай-ақ бұл жылы елімізде 14 саяси партия мен 30-ға жуық қозғалыс-бірлестіктер жұмыс істеген еді.

«Экономикадағы қиыншылық өз алдына, басқа жағдайлар өз алдына, рухани марқаюымыз өте қиынға соққан жағдай болды. Осы кезеңде жүргізілген мәдени шаралар біздің халқымыздың рухани көзқарасын көтеруге үлес қосты», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кенжехан Матыжанов.

1999 жылы Президенттің жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі туралы ереже қабылданды. Аталған жарлыққа сәйкес, мемлекеттік шекара қызметі Қарулы Күштердің құрамынан шығарылып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанынан қайта құрылды. Бұл жыл Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығымен, Астана қаласының ЮНЕСКО шешімі бойынша «Әлем қаласы» атануымен де есте қалған еді. Ал ең бастысы, 1999 жылдың 7 маусымында «Білім туралы» Заң ұзақ талқылаудан кейін өмірге жолдама алды.

«Тәуелсіздіктің дәмі, қолжеткізген табысы, ондағы болған өзгерістер мен үшін әрине ерекше. Себебі, менің ұстаздық жолым, мінекей, елуінші жылға кетіп бара жатыр. Тәуелсіздік алған кезде еліміз қандай жағдайда болды, білім саласы қалай болды, ұстаздардың жағдайы қалай болды, бәрі де менің көз алдымда», – деді Қазақстанның еңбек ері, «Алтын жұлдыз» орденінің иегері Аягүл Миразова.

Әр жыл айрықша оқиғасымен есте қалса да, дәл осы ғасыр аяғы егемен қазақ үшін рухани толысқан жыл болды. 1999 жыл – тарихты түгендеуге, ақтаңдақтардың ақиқатын ашуға күш салынған уақыт еді.

Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы