Алматыда республикалық құсбегілер турнирі басталды

02.12.2021 02:07

Биыл үшінші рет ұйымдастырылған бұл сайысқа 11 команда, 70-тен аса құсбегі қатысып отыр

Almaty.tv

Алматыда Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қыран-2021» республикалық құсбегілер турнирі басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

Биыл үшінші рет ұйымдастырылған бұл сайысқа 11 команда, 70-тен аса құсбегі қатысып отыр. Олардың арасында халықаралық, республикалық жарыстарда бірнеше рет топ жарған құсбегі-спортшылар мен қиядағыны шалған қырандар да бар.

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пен тату жолдас бір ғанибет,

Ыңғайлы, ықшам киім аңшы адамға.

Бүгін Алматы қаласы, Алатау ауданында  ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылып жатқан бүркітшілер сайысы өтті. Сонау Шығыс Қазақстан облысынан келген бүркітші Тәттімбет Капұлын сөзге тартқан едік.

«Бүгінгі мереке құтты болсын! Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алатау бөктерінде осындай тамаша шараға арнап жырдан шашу шашсам деймін.

Малын баққан маңдай ақы терменен,

Ақиқаттың асуына шөлдеген жанын берген,

Арын бірақ бермеген қасқыр текті қазақпыз ғой біз деген!

Мен қазақпын ақиық шыңдарды өскен,

Нар жетелеп, әр тамда қырдан көшкен,

Алты малта ас болып ас үстінде,

Дүниеде де, рухым да думан кешкен.

Мен қазақпын ас беріп ат шаптырған,

 Бие байлап, төскейде қой бақтырған.

Көк Тәңірі қыранды қолға үйретіп,

Жер тағысы – түлкімен ойнаттырған.

Міне, ата-бабамыздан мирас болып қалған құсбегілік өнерді, бүркітшілікті Алла Тағала енді бізден кейінгі ұрпаққа жалғастыруды нәсіп етсін», – деді бүркітші Тәттімбет Капұлы.

Құсбегілік ата-баба өмірінің жалғасы. Қазіргі көптеген жастарымыз бұл спорт түріне қызығушылық танытуда.

Ұлттық өнерді ұлықтаған керемет сайыстың куәгері болуға келгендердің қарасы қалың болды. Турнир екі кезеңнен тұрады. Айта кетейік, бұл жолы құстың сыны мен құсбегінің үлгісіне де ерекше мән беріледі.

«Құсбегілердің Алатаудың баурайында бас қосқанына қуаныштымын. Бұл ата-бабамыздан бізге мұра болып қалған тарихи мұра ғой. Жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт дегенді біз ешқашан ұмытпауымыз керек», – дейді бүркітші Қуаныш Исабеков.

Құсбегілік – қазақтың қанына сіңген үлкен мәдениетінің бір бөлігі, ата-баба дәстүрінің жарқын көрінісі. «Қыран-2021» атты шара Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасымен және «Қыран» федерациясы, «Топжарған» этно-мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Қасымхан Талғатұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы