Еліміздің барлық өңірін қамтыған «Атамекен» экспедициясы Алматыда аяқталды

Экспедиция «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» басылымдарының бастамасымен жүзеге асты

Еліміздің барлық өңірін қамтыған «Атамекен» экспедициясы Алматыда аяқталды

Көркі келіскен Көктөбе. Ең көп рекорд орнаған Медеу. Сан сыр бүккен Сақ қорғандары. Алматының ару кейпін айшықтай түсетін бұл орындарды күнде көріп жүргенімізбен, қандай тарихи оқиғаларға қанық екенін біле бермейміз. Сондай қызықты деректер Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Атамекен» экспедициясы барысында танылып, жаңғырды. «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» басылымдарының бастамасымен жүзеге асқан экспедиция Алматыда өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.                                                

Еліміздің барлық өңірін қамтыған «Атамекен» экспедициясы Алматыда аяқталды. Сапардың оңтүстік астанада мәресіне жетуі кездейсоқ емес. Алматы – Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Ал экспедиция егемендігімздің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған. Қатысушылар әсем қаламызды араламас бұрын, Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойып, боздақтар рухына тағзым етті.      

«Негізгі мақсат – отандық туризмге насихаттап, еліміздің көрікті жерлерін көпшілік біле бермейтін тарихи орындарды, маңызды нысандарды аралап соларға елдің, халықтың назарын аудару болды», – деді «Egemen Kazakhstan» республикалық газеті АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ.

Экспедиция өкілдері ары қарай Көктөбеге бет бұрды. Қаланың қай жерінен қарасаң да бой көрсетіп тұратын мұнара әлемдегі ең биік саналады. Биіктігі 370 метрден асады. Бауырын қанша бассақ та, біле бермейтін Көктөбеге қатысты дерек көп. Көктөбе бұрын бір орыс көпесінің атымен аталса керек. Сондай-ақ өз заманында бұл төбеде Жолбарыс хан кеңес құрып, жасақтарын сайлап, осында елді биіктен қорып отырады екен.

«Көктөбенің шедевр туындыларға қайта жан бітірген жер деп айтылатыны бекер емес. Мұнда кезінде бұзылып кетуге шақ қалған мүсіндеу өнерінің озық үлгілері бар. Жалпы саябаққа қыста күніне 800, жазда 10 мыңға дейін адам келіп серуендейді», – дейді Көктөбе саябағының дамыту жөніндегі директоры Ғалия Қалилаева.

Қаланың інжу-маржаны – Медеу мен Шымбұлақ таза ауамен тыныстауға таптырмас бірегей орын. Медеу әлемдегі ең тайғанақ мұз айдыны саналады. Кәсіби спортшылар басқа елдердің айдындарында қол жеткізе алмаған рекордтық нәтижелерді дәл осында жиі көрсетеді екен. Оның өз себебі бар.

«Оның себебі күн сәулесінің радиациясы, климат, судың тазалығы, атмосфераның қысымы және тап-таза таудың суы соның бәрі әсер етіп, түгел жинақталып, осындай тайғақ мұзды берген», – деді гид, экскурсия жетекшісі Айдын Ақыш.

Бұл қаламыздың сакральды мұраларына жататын Боралдай сақ қорғандары. Мұнда қорғандардың ішкі бөлігі қалай болатынын көрсету үшін арнайы үлгі жасалған. Онда сақ дәуірінде өмір сүрген адамдарды жерлеу салт-дәстүрі қалай болатыны көрсетілген. Жалпы, 430 га болатын аумақты алып жатқан жерде 47 жақ, 200-ден астам үйсін қорғаны бар.

Ең үлкен қорғандардың биіктігі 18 метрге дейін жетеді. Қорымның төбелерінде ойықтар кездеседі. Белгісіз бір уақыттарда ішіндегі жәдігерлер ұрланған дейді мамандар.

«Сақ қорғандарында біздің заманымызға дейінгі 5-3 ғасырда өмір сүрген сақ тайпаларының ру көсемдері, бетке ұстар азаматтары жерленген», – деді қалалық музейлер бірлестігі директорының орынбасары Сержан Саров.

Жалпы мұндағы қорымдардың тарихы 2 мың жылдан асады деген болжам бар.

«Алматы қонысының арнайы монетасы болған яғни сауда-саттық жүргенін дәлелдейтін Карл Байпақовтың экспедициясы арқылы сондай монета табылған. Демек, бұл жерде ішіне үлкен сырды бүгін жатыр», – деді «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы.

Ұлытау мен Маңғыстау, Оңтүстікті, Жетісу мен Арқа бойын қамтыған сапар журналистер, ғалымдар мен әкімдік өкілдерінің қатысқан жиынымен қорытындыланды. Экспедиция өкілдері тарихи орындардың қалыс қалған жерлерін, ұмыт болған мұралардың мәселелерін де қозғауға тырыстық дейді.

«Қаншама жылға жететін, қанша қаржыны қажет ететін жұмыстар сол жерде тұр. Соның бірін көргеннен кейін біздің осы сапарымыз, экспедициямыз текке кеткен жоқ. Біз осындай басты-басты мәселелерге оқырманның, көрерменнің, биліктің де жалпы халықтың бәрінің назарын аудара алдық деп ойлаймын. Негізгі мақсат осы болатын. Мақсат орындалған сияқты», – деді «Атамекен» экспедициясы Алматы қосынының жетекшісі Жүсіпбек Қорғасбек.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир