Жыраулық терме – қазақ мәдениетінің биік шоқтығына айналған өнері
Алатау дәстүрлі өнер театрында «Ұлы дала елі» атты жыр кеші өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында арнайы ұйымдастырылған концерт қазақтың ән өнерін көпшілікке тағы бір мәрте насихаттауды көздейді. Өйткені дәстүрлі музыка – қазақ халқының әлемдік өркениетке қосқан ең үлкен үлесі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жыраулық терме – қазақ мәдениетінің биік шоқтығына айналған өнері. Қазақтың жыр-термелеріне ежелден ерлік тақырыбы, елінің азаттығы үшін күрескен батырлардың ержүректігі мен қайтпас қайсарлығы арқау болған. Аталған кеште Қазақстанның еңбек сіңірген жыршылары мен бірге бұл бағытқа енді бет бұрып келе жатқан жастар да өнер көрсетті. Атап айтсақ, Наурызбек мектебін жалғастырушы – Абай Наурызбек, Елмұра Жаңабергенова, Ұлжан Байбосынова сынды жыр жүйріктерімен бірге, Маңғыстау жыр мектебінің термешілері жырдан шашу шашты.
«Тәуелсіздігіміздің 30 жыл қарсаңында бұл шараның Алматы қаласында өтуі өте орынды-ақ. Алматы – рухани астанамыз. Алматыда барлық жыраудың әр өңірден келіп бас қосқаны қуантты. Өңірден келген барлық жыршы – нағыз халық өкілдері», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жыршы Ұлжан Байбосынова.
Кеште Майлықожаның «Мінажаты», Тұрмағамбеттің «Өсиеті», Сүйінбайдың «Ақыл-нақылы», Сыпыра Жыраудың термесі секілді таңдаулы жырлар орындалды. Арқа ән мектебінің белгілі өкілі, күміс көмей әнші Ерлан Рысқали Дулат Бабатайұлының «Ақжайлау» мен «Сандықтасын» орындап, көнеден жеткен арқа жыр-терме мектебінің дәстүрін жаңғыртты.
«Ұлттық төл өнерімізді жыл сайын дәріптеп отыру, ұлттық төл өнерімізге жанашырлық таныту мақсатында осындай фестивальдерді көптеп ұйымдастыру керек. Бұл төл өнеріміздің болашақ ұрпаққа жетуіне жол ашады», – деді Қазақстанның мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков.
Бүгінгі концерттік бағдарламада тек қаланың емес, еліміздің түкпір-түкпірінен де жыршылар жиналды. Қызылорда мен Маңғыстаудан арнайы шақыртылған жас жыршылар өнер көрсетіп, кешті қорытындылады.
Ұлағат Арғын, «Алматы» телеарнасы