Сондай жас ғалымдардың бірі Жарасбек Байшемиров көп жылға арналған жоспарларды математикалық әдістермен шешуді қолға алған
Стратегиялық жоспарларды іске асыруға ғылымның көмегі керек. Тәуелсіздік алып, «Болашақ» бағдарламасымен білім алған түлектер әр саланың өркендеуі жолында сүбелі еңбек етіп жатыр. Сондай жас ғалымдардың бірі Жарасбек Байшемиров көп жылға арналған жоспарларды математикалық әдістермен шешуді қолға алған. Жобаның қандай пайдасы бар? Ғалыммен Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тілдесіп келді.
Қолданбалы математика қысқа мерзімді пайда болған түйткілдерді шешуге бағытталса, математиканың классикалық бағыты страгегиялық міндеттерді орындауға керек. Биыл тұрымтай шағынан есеп-қисапқа жақын өскен Жарасбек Дүйсембекұлы өзі сияқты бірнеше ғалыммен бірігіп медицина, геология саласында сіресіп қалған жүйелі мәселелерді шешудің математикалық үлгісін зерттеуді бастаған. Бұл үшін мемлекеттен грант ұтып алған. Мұндай жоба жас ғалымдардың ғылымдағы әлеуетін қолдауға көмектеседі.
«Еуропада байқағаным, көбінесе ғылыми зерттеу тақырыптарына компаниялардан сұраныс келеді. Мысалы, осындай ұзақ мерзімді мәселелерге жобаның негізінде сізден магистранттар, докторанттар алсаңыздар, өздеріне кадрлар дайындау мәселесімен тығыз байланысты. Қазіргі таңда біз осы жалпы Қазақстанда осы бағытта жұмыс жасап келе жатырмыз», – деді Абай атындағы қазұпу математика және математикалық модельдеу кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Жарасбек Байшемиров.
Сондай-ақ, ол қолданбалы математика саласын дамытуға ден қоймақшы. Осы арқылы математика мен өндірісті байланыстыру жолында еңбек етсем дейді.
«Мысалы, геология саласында, болмаса тағы басқа да салаларда пайдасы тиетін бір бағдарлама жасау. Бағдарлама жасау үшін оның математикалық құрылымдарымен айналысу. Ол тек қана бізге емес, барлық мемлекетте сұранысқа ие болатын сондай бір бағдарлама жасағымыз келеді», – деді Абай атындағы қазұпу математика және математикалық модельдеу кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Жарасбек Байшемиров.
Ұстаздық парызын ғылыммен бірге ине ағаштай тең ұстап жүрген азамат «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Бағдарламамен шетелде білім алу - тәуелсіздіктің тартуы, егемен ел ұрпақтарына салынған мықты инвестиция екенін айтады.
«Тәуелсіздіктің елдің азаматтарына қай өңір болмасын, ауылдық бала болсын, қалалық болсын ешқандай шектеу жоқ, мүмкіндігі бар сондай бір керемет бастау деп есептеймін», – деді Абай атындағы қазұпу математика және математикалық модельдеу кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Жарасбек Байшемиров.
Лондонда тіл үйреніп, Францияның оңтүстігіндегі Тулуза зерттеу институтында «Есептеу математикасы» мамандығы бойынша тағылымдамадан өткен. Елге оралып, мұнай өндіруде суды ығыстыруға арналған сандық есептеу бойынша РНD докторлығын қорғаған. Кейіпкеріміз ғылым талаптанса табылатынын біледі және келешекте сол табандылықтың игілігін әлем көретініне сенімді.
Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы