Тәуелсіздігіміздің арқасында қаншама жәдігерімізге қауыштық – Дәулеткерей Кәпұлы

inform.kz
inform.kz
Қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Дағдарыстан дамуға бет алу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және басқа да жағдайларды таразылай келе даңғыл жолды таңдады. Осылайша аз ғана уақыт ішінде алпауыт елдер мойындаған мемлекетке айналдық. Бастысы елде бірлік орнап, тәуелсіздіктің тартуын азаматтар сезіне білді.

Ақын Дәулеткерей Кәпұлы 30 жылдықта жеткен жетістіктерге тәубе айтуымыз керек дейді. Өйткені дербес мемлекет болғанннан бері қабылданған әртүрлі салалық бағдарламалар қазақ руханияты мен мәдениетіне қомақты үлесін қосқанын айтады. Тарихтың ақтаңдақ парақтары ашылып, түп-тамырымызды тереңнен тануға һәм табуға тәуелсіздік жылдарында қол жеткіздік.

«Тәуелсіздіктің 30 жыл мұғдарында мемлекеттік тұрғыда бағдарламалар қабылданды. Бұл бағдарламалардың төңірегінде біз көп дүниелермен қауыштық. «Мәдени мұра» бағдарламасымен «Бабалар сөзінің 100 томы» шықты. Қазақ тіліндегі классиктердің шетелдік классиктердің қазақ тіліндегі аудармалары шықты. Тарихқа қатысты қаншама жәдігеріміз елге оралды», – деді ақын Дәулеткерей Кәпұлы.

30 жылда жеткен тағы бір жетістігіміз – биікке ұмтылған жастарға да мұхит асып әлемнің ең мықты университеттерінде білім алуына жағдай жасалды. «Болашақ» бағдарламасы қазақ жастарына қанат бітірді. Бағдарламаның бақытын сезінгендердің бірі – Нұрбек Исабай. Ол АҚШ-тың Питтцбург қаласында таным көкжиегін кеңейткен.

«Өзіміз секілді талай ауылдан шыққан жастар ағылшын тілін үйрендік, оқыдық, жетілдік... Тәуелсіздік жылдарында біздің Тұңғыш Президентіміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен бір дана, көреген қадамдарының бірі осы жастарды Қазақстан секілді шағын мемлекетте үлкен қаржыландырумен бір кездері 3 мың адам барып білім алатын...», – деді «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрбек Исабай.

Әр елдің қарыштап дамуы – өндіріс пен бизнестің өркендеуіне байланысты екені сөзсіз. Қазақстан қуатты елге айналу жолында кәсіпорындар мен кәсіпкерлікті дамытуға көп көңіл бөлді. Бұл салада мемлекеттің шарапатын сезінгендердің бірі Қымбат Арслан. «Даму» бағдарламасы арқылы идеясын жүзеге асырған.

«Астана ауысқаннан кейін қалада құрылыс қарқынды жүргізілді. Сапалы материалдарға сұраныс артты. Өйткені сәулетті ғимараттар салына бастады. Сол кезде мәрмәр тастар уақыттың талабы болды. Шағын және орта бизнеске арналған бағдарламаларды біз әлі де қолданамыз», – деді кәсіпкер Қымбат Арслан.

Айта берсе азаттығымыздың айшықты белестері баршылық. Ең бастысы жұртымыз тыныш, еліміз аман. Кең байтақ жеріміз – өз игілігімізде. Ендеше бақыттың бесігінде тербелген бүгінгі және келер ұрпақтың міндеті – Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде сақтап қалу.

Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы

Новости партнеров