Мерейлі шара елорда күні қарсаңында ұйымдастырылып, салтанатты рәсімге жоба авторлары мен аудан әкімдігінің өкілдері қатысты
Алматының Медеу ауданында әлеуметтік «Шыңға өрлеу» клубының екінші филиалы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv
Мерейлі шара елорда күні қарсаңында ұйымдастырылып, салтанатты рәсімге жоба авторлары мен аудан әкімдігінің өкілдері қатысты. Думан ықшам ауданында орналасқан бұл мекеме зейнеттегі және мүгедектігі бар педагогтарды жұмыспен қамтып, көпбалалы отбасынан шыққан 4-сыныпқа дейінгі балаларға қосымша білім береді. Орталық тек осы 3 айдың ішінде 60 баланы 2 кезекпен оқытуды жоспарлап отыр.
«Жобаның ерекшелігі – педагог мұғалім ретінде экономиканың түрлі саласында жемісті еңбек еткен, зейнет жасындағы аудан тұрғындары жұмысқа қабылданып, тәжірибесін аудан жастарымен бөлісетін болады», – деді Медеу ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Сәкен Аралбаев.
Алдағы уақытта бұл орталықта бастауыш сынып балалары шығармашылық және спорттық бағытта үйірмелерге қатыса алады. Атап айтқанда, ән, күй, би, шахмат, қолөнер, актерлік шеберлік бойынша білім беріледі. Сонымен қатар, негізгі пәндер бойынша да тегін оқуларына барлық жағдай жасалған.
«Қиын заманда, көбісінде жұмыс жоқ кезде көпбалалы аналарға, мұқтаж отбасыларға бұл үлкен көмек. Балаларды оқытып, оларды белгілі бір дәрежеге жеткізу деген қазіргі біздің аналардың ең мықты мақсаты. Сол мақсатқа біздің жетуіміз үшін біздерге көмектесіп жатқандарына үлкен рахмет айтамыз», – деді көпбалалы ана Бибінұр Шералиева.