Алматы «барахолкасының» тарихы 1984 жылдан бастау алады
Лас алаң, жабайы сауда, шетсіз-шексіз темір сөрелер. Осындай сұрықсыз келбетімен алматылықтардың жадында қалған жайма базарлар бүгінде шаһарда едәуір азайған. Осы уақытқа дейін Алматыда 23 базар модернизациялаудан өтіп, өркениетті сауда саттық үйлеріне айналды. Жалпы соңғы 30 жылда қала базарлары нендей өзгерістерге ұшырады? Сауда-саттық қалай дамыды? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай солтүстік айналма базарларының тарихына үңіліп қайтты.
Алматы «барахолкасының» тарихы 1984 жылдан бастау алады. Алғашында бұл бос кеңістікте саудагерлер кітап сатумен айналысқан. Ал, 1990 жылдары киім-кешек саудасы қыза бастады. Бұл кезеңде сатушылар тауарын жерге қойып, жайма базар ұйымдастырса, кейіннен ұзын-сонар тізілген сөрелер пайда болды.
Әу баста жабайы сауда өрбіген «Барахолка» қазір адам танымастай өзгерген. Келушілер аяқ алып жүре алмаған ашық алаңның орнына бірнеше қабатты осындай ғимараттар бой көтерді. Ең алғаш осы жерде кәсібін бастаған саудагерлер 30 жылда мұнда үлкен сауда үйлері болады деп тіпті ойламаған.
Бұл – сауда орнының бүгінгі көрінісі. Жапа-тармағай қойылған сөрелер сүріліп, қызыл сызық бойындағы сауда орындары жойылып, зәулім ғимараттар салынды. Жол кеңейтіліп, жерүсті жүргіншілер өтпесі, кең автотұрақ орындары пайда болды. Ал, ашық аспан астында қаз-қатар тізілген жабайы сауда нүктелері тарих беттерінде ғана қалды.
«Модернизация бізде 2014 жылдан басталды. Осы уақытқа дейін тәмамдап, бітіп қалдық. Сауда жасағанға өте қолайлы. Бұрынғыдай ұрлық жоқ. Бейнебақылау қойылған», – деді базар басшысы Жасұлан Керімқұлов.
Арман Құдайбергенұлы осы базарда 25 жылдан бері ойыншық және спорт тауарларын саудалап келеді. Еңбек жолында көрмегенді көріп, жауын-шашынға да, аптап ыстыққа да шыдап бердік дейді. Тіпті, бір кездері мұнда ұры-қары жайлағанын да жасырмады. Бүгінде күзет қызметі және бейнебақылау камерасымен қамтылған орынның кәсіпкерлер үшін алаңсыз сауда-саттықпен айналысатын қауіпсіз мекенге айналғанын қуанышпен айтады.
«Ұрлық та болды. Суықта тұрдық. Жазда ыстық болды. Қыста суық болды. Енді 7-8 жыл болды жақсы болып қалғанына. Жылы жер. Қыста жылы, жазда салқын. Кондиционер бар», – деді саудагер Арман Әтекеев.
Керегін осы базардан іздейтін алматылықтар да жабайы сауданың келмеске кеткеніне қуанады.
«Бұрын жабайы еді ғой. Қазір жақсы. Ойыншықты қайдан ала десең, сол жақтан аласың. Не керегін айтсаң, өзіңе көмектеседі», – деді қала тұрғыны Ақыш Мұсаева.
«Барлығы жабық, барлық жағдай жасалған. Қыста жылы, жазда салқын. Таза. Сауда орталықтарына теңеседі ғой», – деді қала тұрғыны Әлия Тәукейқызы.
Айта кетейін, мегаполисте 20 сауда орталығы мен 52 базар бар. Соңғы 7 айда Алматы қаласы 5 негізгі макрокөрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуін қамтамасыз етті.
Сымбат Ноғай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы