Қазақстанның төл валютасы қалай шықты

25.05.2021 04:49

Еліміз 1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін ескі ақшаны теңгеге айырбастау процесін тек 1993 жылы жүзеге асырғаны белгілі

inform.kz

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары үлкен-сын қатерлерді бастан кешкені белгілі. Мемлекеттік тіл, рәміз бен географиялық аумағымыз бекітілген соң төл теңгеміздің айналымға түсуі үлкен тарихи оқиға болған еді. Ал теңгені басып шығарып, оны айналымға енгізу үшін қыруар жұмыс атқарылды. Мәселен, 1995 жылы 19 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматыда алғаш рет банкнот шығаратын фабрика жұмысын бастаған болатын. Егемен ел болып қалыптасуда төл теңгеміздің түзілуі қандай маңызға ие болды? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Еліміз 1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін ескі ақшаны теңгеге айырбастау процесін тек 1993 жылы жүзеге асырғаны белгілі. Өйткені елімізде банкнота шығаратын фабрика болмағандықта,н екі жылдай «рубль аймағынан» шыға алмаған еді. Яғни ел арасында Ресейдің орталық банкі шығарған рубльдегі банкноталар мен монеталар айналымда жүрді. Бұрынғы ақшаны қолдану елдегі инфляция деңгейін қатты өсіріп жіберген болатын.  

«ҚР Министрлер кабинеті 1992 жылғы 30 маусымда Алматы қаласында «Кітап» өндірістік бірлестігінің бос алаңдарында ұлттық валюта өндіретін фабрика құру туралы қаулы қабылдады», – деді ҚР Ұлттық банкі қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас маман-сарапшысы Гүлназ Ахметова.

Сөйтіп 1995 жылдың 19 мамырында Алматыда Банкнот фабрикасы ашылады. 1,3,5 теңгелік алғашқы банкноталар Англияда шығарылды, бірақ бұл экономикалық жағынан тиімсіз болатын. Осы орайда фабриканың базасында банкнот шығару ісі қолға алынып, баспа орны озық үлгідегі құралдармен жабдықталған еді. Тұңғыш қағаз ақшалардың дизайны да ерекше әрленіп, елдің көңілінен шыққан болатын.

Төл валютаның ел экономикасын құрудағы тарихи орны ерекше болды. Теңге тәуелсіздік алған жылдары бірнеше тенденциялардан өтті. Түрленіп, жаңа банкноталарға ауыстырылды. Осы тұста белгілі экономист Жаңа Зеландия, Венесуела сияқты елдердің төл валюталарымен салыстырып қарағанда теңгенің келешегі едәуір жоғары екенін айтады.

«Бұл әлде де болса теңгеміздің белгілі дәрежеде құндылығы бар екенін айғақтайды. Алдағы уақытта да үлкен сенім білдіруге болады. Заманнан қалмай цифрлық валюта енгізуге тырысып жатырмыз. Бұның барлығы теңгенің болашағының әлде де болса бар екенін айғақтатады», – деді UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық .

Шын мәнінде еліміз бірнеше инфляцияны бастан кешірді. Осындай кездерде ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету қашан да маңызды еді. Бүгінде айырбас құралының қолма-қолсыз форматқа көшу үрдісі байқалады. Сондықтан мамандар төл теңгенің айналым көкжиегі кеңейіп, цифрлық теңге енгізу алдағы уақытта өзекті болады деген сенімде.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы