Елімізге «Алтын Орда» тарихын зерттейтін арнайы ғылыми мекемелер қажет. Бүгін Ұлттық кітапханада өткен алып империяның 750 жылдығына арналған дөңгелек үстелде осы мәселе көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv
Тарихшылар Алтын Орда тарихында толық ашылмаған, әлі зерттелмеген мәселелер көп дейді. Олар сонау 19-ғасырдың басынан, Алтын орданың тарихына назар аударыла бастаған кезеңнен бері елде жүйелі түрде жазылып, жарық көрген еңбектің жоқтығын тілге тиек етті. Тіпті, бұл тақырыпты зерттейтін мамандар да елімізде саусақпен санарлық екен.
«Толық түрдегі жүйелі Алтын орда тарихы әлі жазылған жоқ. Жекелеген еңбектерде қоғамдық қатынасы, саяси тарихы, құрылуы, ыдырауы, мәдениеті, сол кездегі тарихи жағдай туралы мәліметтер бар. Бірақ әлі жүйеленген жоқ. Менің ойымша, оны зерттеу үшін, арнайы Алтын орда тарихын зерттейтін ғылыми мекемелер керек», – дейді тарих ғылымдарының докторы Берекет КӘРІБАЕВ
Үкіметтің арнайы қаулысымен «Алтын Орда» дәуірі кезеңінен қалған тарихи-мәдени, материалдық мұраларымызды жандандыру ісіне ден қойылды. Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында Сарайшықтан басқа да ортағасырлық қалаларды қалпына келтіру, оларды халықаралық ірі туризм орталықтарына айналдыруға айрықша мән берілді. Бұл бағытта осы кезеңдегі керуен сарайлары, сауда-экономикалық байланыстарға қатысты мәселелер зерттеледі деп күтіліп отыр.
«Біздің тіліміз, әдебиетіміз, фольклорымыз, мәдениетіміз, діліміз Алтын орда дәуірінде қалыптасып, соның нәтижесінде кейін шаңырақ көтерген Қазақ хандығында «Қазақ» деген этникалық мәнмен тарих сахнасына шықты», – дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің деканы Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА.