|
27.05.2021 | 16:37
8560

Б. Сағынтаевтың қатысуымен өткен онлайн-презентация кезінде қойылған сұрақтардың жауабы жарияланды

Әр сұраққа толыққанды жауап берілді

Б. Сағынтаевтың қатысуымен өткен онлайн-презентация кезінде қойылған сұрақтардың жауабы жарияланды almaty.tv

2021 жылы 12 мамырда қала әкімі Б. Сағынтаевтың қатысуымен өткен «Алматы 2021: Қаланың қоғамдық қауіпсіздігі» жобаларының онлайн-презентациясы кезінде әлеуметтік желіге түскен сұрақтар мен ұсыныстардың тізімі және олардың жауабы жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тұрғын сұрағы:

Жетісу ауданы Потанин көшесінде дәл жолдың үстіне үлкен қара тал құлайын деп тұр. Соны кесіп тастау керек. Тағы бір мәселе, Алматы көлік жөндеу орындары мен жанармай бекеттеріне толып кетті. Көше май сасиды, экологияны бұзып жатыр, тазарту керек.

Жауап:

Жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың үлгілік қағидаларын, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын және «Ағаштарды кесуге рұқсат беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралыҚазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 235 бұйрығының 25 тармағына сәйкес ағаштарды кесу осы Қағидалардағы 2-қосымшаға сәйкес, нысан бойынша, кесілген ағаштардың орнына жеке және заңды тұлғалардан өтемдік отырғызу туралы кепілхат ұсынылған жағдайда уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңының 52 бабы 3 бөліміне сәйкес рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда ғана жүргізіледі.

Осыған орай, ағаштарды кесуге рұқсат қағазын рәсімдеу үшін құжаттарды электрондық түрде белгіленген тәртіппен E-gov (elicense.kz бөлімі – қоршаған ортаны қорғау – ағаштарды кесуге рұқсат беру – қызметке онлайн тапсырыс беру) электронды үкімет арқылы жүргізіледі.

Жоғарыда аталған Үлгілік қағидалардың 23 тармағына сәйкес, авариялық және төтенше жағдайларды жою кезінде, оның ішінде инженерлік абаттандыру объектілерінде уәкілетті органның келісімінсіз ағаштарды мәжбүрлі түрде кесу мынадай жағдайларда жүргізіледі:

- ағаштардың, сондай-ақ олардың бұтақтарының құлауы адамдардың өмірі мен денсаулығына, ғимараттар мен құрылыстардың, коммуникациялардың бүлінуіне қауіп төндіреді;

- жол қозғалысы қауіпсіздігіне кедергілер, оның ішінде жол белгілерін көзбен шолуды жабатын кедергілер.

Ағаштарды санитариялық немесе мәжбүрлі кесу фактісі төтенше жағдайлар органдарының құтқару қызметінің куәландыру актісімен айғақталады, кейін уәкілетті органға мәжбүрлі кескен сәттен бастап үш жұмыс күн ішінде хабарланады.

Аталған Үлгілік кағидалардың 30 бөліміне сәйкес ағаштарды заңсыз кесу, жою, бүлдіру немесе жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзған жеке немесе заңды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапты болады және жиырма есе мөлшерде ағаштарды өтемдік отырғызуды жүргізетіндігін мәліметіңізге салады.

Алматы қаласының жасыл екпелерін күтіп-ұстаудың және қорғаудың қағидаларын бекіту туралы VI сайланған Алматы қаласы мәслихатының ХХXIII сессиясының 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 260 шешiмiнің, 7 бөліміне сәйкесжеке және заңды тұлғалар, меншік иелері немесе пайдаланушылар жасыл екпелерді сақтау бойынша шараларды жүзеге асыруы, жасыл екпелердің бүлінуіне немесе жойылуына алып келетін заңсыз әрекеттерге немесе әрекетсіздіктерге жол берілмеуі керек.

Мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.

Жалпы пайдаланымдағы жерлердегі жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау жөніндегі бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері аудан әкімінің аппараттары болып табылатынын хабарлаймыз.

Тұрғын сұрағы:

Бақытжан мырза, менің Бостандық ауданына қарасты шағын ауданда шағын дүкенім бар, бәрі дұрыс, тек газ жоқ. Тіке сіздің атыңызға да өтініш жаздым, жауап жоқ. Соған көмектессеңіз.

Жауап:

Бостандық ауданы әкімінің аппараты сіздің арызыңыз бойынша аталған аймақтағы үйлерге және ғимараттарға табиғи газ тасымалдаушы «Строй Сервис Холдинг» ЖШС мекемесінің басшыларымен қалаға қосылған аймақтардағы жеке меншік үйлер мен тұрғындарға қажетті тұтыну тауарларын сатушы сауда орындарын табиғи газға қосу қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Аталған мекеменің жауабына сәйкес, сіздің үйіңізді және дүкеніңізді табиғи газ желісіне қосудың техникалық мүмкіндіктері бар.

Сауда орындарына табиғи газ кіргізіп беруге арналған қаражат аудан әкімі аппаратының бюджетінде қарастырылмаған және аталған жұмыстың бағасын төмендету міндеті аудан әкімі аппаратының құзіретіне жатпайды.

Сол себепті алдағы жерде табиғи газ тасымалдаушы «Строй Сервис Холдинг» ЖШС мекемсі талап еткен техникалық талаптарды және де басқа техникалық құжаттарды тапсырып, үйіңіз бен дүкеніңізге табиғи газ кіргізу мәселесін жоғарыда аталған коммуналдық қызметпен бірлесіп шешуді ұсынамыз.

Сіздің арызыңыз бойынша аталған аймақтағы үйлерге және ғимараттарға табиғи газ тасымалдаушы «Строй Сервис Холдинг» ЖШС мекемесінің басшыларымен қалаға қосылған аймақтарға жеке меншік үйлер мен тұрғындарға табиғи газға қосу қажеттілігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Аталған мекеменің жауабына сәйкес, Сіздің үйіңізді және дүкеніңізді табиғи газ желісіне қосудың техникалық мүмкіндік бар. Сізге, «Строй Сервис Холдинг» ЖШС талап еткен техникалық құжаттарды қайта тапсыруды ұсынамыз.

Тұрғын сұрағы:

Гульжан Бейсенбаева:  Құрметті Алматы қаласы әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев мырза

Біздің, яғни Алматы қаласы, жедел жәрдем қосалқы станциясының санитар жуушы қыздарының жұмысына назар аударсаңыздар.Біздің жұмысымыз, қосалқы станциядағы жедел жәрдем көліктерін жуу. Соның ішінде COVID-19 індетімен ауырған пациенттерге де қызмет жасап, вируспен келген жедел жәрдем көлігін біздер, яғни санитар жуушы қыздар өз қолдарымызбен жуып залалсыздандырамыз. Бұл жұмысты 2020 жылы наурыз айынан бастап істеп келеміз, бірақ бізге президент Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза айтқан үстеме ақша төленген емес, тек, Алматы қаласы әкімі Б.Ә.Сағынтаев мырзаның бұйрығы бойынша 2020 жылы үш ай яғни, қазан, қараша, желтоқсан айларында үшінші категориямен 212500 теңгеден алып отырдық. Ал, 2021жылы үстем ақшадан мүлдем хабар жоқ. Айлығымыз да мардымсыз емес, керісінше азайып кеткен сияқты. Ал наурыз және де басқа мереке күндері ақшалай берілетін сыйақыларымызды мүлдем көрген жоқпыз. Бұл қалай болуы мүмкін? Неге біздің еңбегіміз бағаланбайды? Біз істеген жұмысымызды міндетсінбейміз әрине, бірақ бізде адам баласымыз ғой, бізде ауырдық осы індетпен. Бізді «сен ауырып қалыпсың ау»- деп ешкім елеген жоқ. Ауырғанда денсаулығымызды тіктеуге арналған төлемдер де төленген жоқ. Біздің де отбасымыз бар, бізде өз балаларымыз, немерелерімізге осы індетті жұқтырып алудан қорқамыз. Кезінде үй бетін көрмей, үйге бармай жұмыс жасадық, бірақ ешқандай еңбектеріміз бағаланбағанына ашынамыз. Ауырған кезімізде балаларымыздың аузынан жырып алып өз ақшамызға дәрі-дәрмегімізді сатып алдық, ақылы емделіп, ақылы анализдерімізді тапсырдық. Онсызда ешқандай жұмыс жасай алмай,үйде отырған балаларымыздың қалтасынан қағып алып, немерелеріміздің аузынан жырып алған ақшаға өз денсаулығымызды емдеу қандай ызамызды келтіреді. Үйде немерелеріміз біздің қолымызға қарап отырғанда, біз өз жанымыздың ауырғаны үшін олардың аузын қақтық, қандай ауыр осыны көз алдыңызға елестетіңіздерші. Үй бетін көрмей пәтер жалдап тұрған кездеріміз болды карантин кезінде, пәтер ақыларын да, мардымсыз айлығымыздан алып төледік және де жуып тазалауға, заласыздандыруға арналған жуу құралдары, ештеңе қарастырылмаған, өз қалтамыздан алып қолданамыз, керек болса жуатын шүберекке дейін, жуатын шүберектерді ең соңғы сұрыптағы, сапасы төмен шүберектерді бір айға деп береді, ол шүберектер бір ай емес, бір күнге әрең жаратамыз. Егер де осы мәселелерді көтерейік, сұрайық деп басшылардан сұрансақ, рұқсат бермейді. Өтініш сіздерден,үлкен өтініш, осы мәселені қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймыз. Ең болмағанда сол үшінші категориядағы үстем ақшамыздың берілуін шешіп берсеңіздер екен. Сіздерден үлкен өтінішпен үлкен үміт күтеміз. Күн демей, түн демей еңбек еткен еңбегіміздің ақысын ең болмағанда өз денсаулығымызды тіктеу мақсатында қолдансақ. Сосын COVID-19 індетке киетін қорғаныс киімдерді өзіміз реттейміз. Бұрындары өзіміз жуып залалсыздандырып жүрдік. Осы жақында енді біздер реттеп, санап, қапшықтарға салып жууға арнайы жерге беріп жіберіп отырмыз. Бірақ, ол да өз қолымыздан өтеді. Залалсыздандыратын киімдерді кәдімгі жертөледе реттеп, іріктеп қапшықтарға саламыз. Сондай өте лас, өте қауіпті жұмыстарды атқара отырып, біздерге «Сендердің жұмыстарың індетке қатысы жоқ,індетпен тікелей қарым қатынас жасамайсыңдар» деп кәдімгідей қадір қасиетімізге, намысымызға тиетін сөздер айтылады.

Өтініш сіздерден Құрметті президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза,

Алматы қаласы әкімі Сағынтаев Б.Ә. мырза келіңіздер, көріңіздер, еңбегімізді бағалап, жұмысымыздың маңыздылығына назар аударсаңыздар.

Өтінішпен сіздерге Алматы қаласы жедел жәрдем қосалқы станцияларының санитар жуушы қыздары.

Жауап:

Сіздің ұйымыңыздың ұжымымен танысу үшін және сұрақтарыңызға нақты жауап беру үшін ұсыныстарыңыз жедел медициналық көмек қызметінің басшылығына жіберілді. Бұл сұрақ Басқарма бақылауында болады.

Тұрғын сұрағы:

Тұрғын үй басқармасыныңа жұмысына көңілім толмайды. Тікелей эфирдегі сұрақтарға жауап берілмесе, не мақсатта ұйымдастырылып жүр. Апта бұрын қойған сұрағыма әлі жауап жоқ. Әкімнің алдында жауап береміз деген еді.

Жауап:

Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының (бұдан әрі – Басқарма) мәліметіне сәйкес келесіні хабарлаймыз.

Алматы қаласының 35 жасқа дейінгі жастарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 5 % мөлшерлемемен жеңілдетілген тұрғын үй қарызын беру арқылы бастапқы және қайталама нарықтан тұрғын үй алу үшін «Алматы Жастары» қалалық бағдарламасы іске қосылды.

Бірінші сұрағыңыз бойынша Бағдарлама қатысушыларының өтініштері Басқарманың қолжетімді тұрғын үй және талдау бөлімінің қызметкерлерімен қарастырылып, өтінімдерді қабылдау www.almaty-zhastary.kz сайтында (бұдан әрі – сайт) орналастырылған талаптарға сәйкес іріктелді.

Бағдарлама шеңберіндегі үміткерлерді комиссия мүшелерінің шешімімен бекіту қарастырылмаған.

Екінші сұрағыңыз бойынша 2021 жылғы 25 наурызда сіз «ЖОО және ҒЗИ қызметкерлері» саласы бойынша өтініш тапсырдыңыз.

Сайтта орналастырылған ақпаратқа сәйкес қатысушыларға қойылған талаптардың бірі қатысушының Алматы қаласында келесі санаттар бойынша міндетті зейнетақы мөлшерлемесімен кем дегенде соңғы 6 ай ішінде жұмыс өтілінің болуы: денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО-лар және ҒЗИ, журналистер, әлеуметтік сала және құқық қорғау органдары.

«Электрондық үкімет өңірлік шлюзі» ақпараттық жүйесінде қалыптастырылған зейнетақы аударымдары бойынша анықтамасына сәйкес Сізге аударымдар «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті» КЕАҚ-тан 2020 жылғы желтоқсаннан бастап түсуде.

Мазмұндалғанға байланысты, Бағдарламаның талаптарын басшылыққа ала отырып, Сіздің Бағдарлама шеңберіндегі өтінішіңіз қайтарылды.

Тұрғын сауалы:

Өз елімізде үйсіз жүргеніміз қиын болды. Салынып жатқан үйлерден неге бермейсіздер, бастапқы жарна жоқ болса, осылай жүре береміз ба?

Жауап:

Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының мәліметіне сәйкес келесіні хабарлаймыз:

2014 жылғы 29 қаңтардан бастап сіз мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде «толық емес отбасылар» санаты бойынша тіркелгенсіз. 2021 жылғы 13 мамырдағы жағдай бойынша кезегіңіз – 1250.

Сіздің тұрғын үй мәселеңіз Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабына сәйкес тұрғын үйлердің пайдалануға берілуіне қарай кезек тәртібіне сәйкес шешілетін болады.

Жаңадан салынып жатқан үйлер нысаналы мақсаттарына сәйкес берілетіндігін атап өтеміз.

Тұрғын сұрағы:

Менің есімім – Айжан. Алматы қаласының тұрғынымын, жасым 26-да. Тұрмыстамын, 3 балам бар. 30 cәуір күні «Алматы жастары 3.0» бағдарламасының нәтижесі жарияланды. Жалпы конкурсқа 9741 адам қатысқан еді, оның ішінде 1000 адамға тұрғын үй бағдарламасы бойынша үй алуға мүмкіндік беріледі.

Мен бұл бағдарламаға қатыстым. Бірақ көптеген сұрақ туындап тұр. Біріншіден, 9741 адамның құжаттарын кім қарады, аты-жөні, тізімдерін қайдан көре аламыз? Комиссия мүшелері кімдер? Олардың арасында тек қана мемлекеттік қызметкерлер ғана бар ма, әлде қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам қайраткерлері де бар ма? Елбасы да, президент те ашық қоғам болу керектігін үнемі айтады. Бірақ неге мұндай бағдарламалардың комиссия мүшелерін біз нақты көре алмаймыз? Егер мен қателесіп, комиссия мүшелерін байқамаған болсам, сайттан сілтеме жасап жіберсеңіздер.

Екіншіден, құжаттарды қарастыру қалай өтеді? Мысалы мен конкурстан өтпедім, оған қынжылып тұрған жоқпын. Мені қынжылтқаны түсініксіз шешімдер. Мені өткізбеген себебі «зейнетақы жарналарының болмауы» деген себеппен. Бірақ менің зейнетақы жарналарым бар, ол құжаттарды өткізген сәтте 5 айды құрады. Конкурс бойынша 6 ай болуға тиіс. Бірақ мен енді жұмысқа кірген жан емеспін, менің декреттен шығып, қайта жұмысыма кіріскеніме 5 ай болды. Сонда бала күтімімен отыру кезеңінде жұмыс орнынан зейнетақы түспесе де, ол жұмыстан шығарылды дегенді білдірмейді. Бұл есі дұрыс адамның бәріне белгілі жайт. Көкейде мынандай сұрақ туындайды: жұмыстан шықпай, үй алғанша бала көтермеу яки демографияға үлес қоспау керек пе?! Елбасымыздың, президентіміздің «халық санын көбейту, демографияны көтеруге» қатысты үндеулері сөз жүзінде айтылып, іс жүзіне келгенде жергілікті әкімдіктер тарапынан қолдау таппағаны ма?! Егер мұндай кедергілері бар болса, қалайша халықтың саны артады. Осы сұраққа тұшымды жауап берсеңіз. Қайталап қоямын, екі ғана сұрақ. Біріншісі: Комиссия мүшелері кімдер? Аты-жөндері, лауазымдары? Транспарентті қоғамбыз ғой, дәлелдеңіздер.

Екіншісі: Үш баланың анасымын, жасым 27-де. Жұмыстан шыққан емеспін, тек декреттен шыққаныма 5 ай болды, сондықтан да зейнетақы жарнасы 5 айды көрсетіп тұр. Неге бұл жайт ескерілмейді?

Жауап:

Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының (бұдан әрі – Басқарма) мәліметіне сәйкес келесіні хабарлаймыз.

Алматы қаласының 35 жасқа дейінгі жастарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 5 % мөлшерлемемен жеңілдетілген тұрғын үй қарызын беру арқылы бастапқы және қайталама нарықтан тұрғын үй алу үшін «Алматы Жастары» қалалық бағдарламасы іске қосылды.

Бірінші сұрағыңыз бойынша Бағдарлама қатысушыларының өтініштері Басқарманың қолжетімді тұрғын үй және талдау бөлімінің қызметкерлерімен қарастырылып, өтінімдерді қабылдау www.almaty-zhastary.kz сайтында (бұдан әрі – сайт) орналастырылған талаптарға сәйкес іріктелді.

Бағдарлама шеңберіндегі үміткерлерді комиссия мүшелерінің шешімімен бекіту қарастырылмаған.

Екінші сұрағыңыз бойынша 2021 жылғы 25 наурызда Сіз «ЖОО және ҒЗИ қызметкерлері» саласы бойынша өтініш тапсырдыңыз.

Сайтта орналастырылған ақпаратқа сәйкес қатысушыларға қойылған талаптардың бірі қатысушының Алматы қаласында келесі санаттар бойынша міндетті зейнетақы мөлшерлемесімен кем дегенде соңғы 6 ай ішінде жұмыс өтілінің болуы: денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО-лар және ҒЗИ, журналистер, әлеуметтік сала және құқық қорғау органдары.

«Электрондық үкімет өңірлік шлюзі» ақпараттық жүйесінде қалыптастырылған зейнетақы аударымдары бойынша анықтамасына сәйкес Сізге аударымдар «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті» КЕАҚ-тан 2020 жылғы желтоқсаннан бастап түсуде.

Мазмұндалғанға байланысты, Бағдарламаның талаптарын басшылыққа ала отырып, сіздің Бағдарлама шеңберіндегі өтінішіңіз қайтарылды.

Тұрғын сұрағы:

Бакытжан мырза, Бакытты отбасы бағдарламасында алғашқы жарна 10 пайыз екен оны таппасақ бермей ме? Әкімшілік көмектеспей ме?

Жауап:

Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының мәліметіне сәйкес келесіні хабарлаймыз:

Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020 – 2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) «ЖАО-да кезекте тұрғандардың ішінен аз қамтылған отбасыларға «Отбасы банк» АҚ-ның кредит беруі» бағыты (республикалық бағдарламасы «Бақытты отбасы») шеңберінде тұрғын үй қарызының берілу шарттарының бірі – 10 % көлемінде бастапқы жарнаның болуы.

Қазіргі уақытты Алматы қаласында тұрғын үй сертификаттары беріліп жатқан жоқ.

Алайда 2021 жылы Алматы қаласының мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде келесі санаттар бойынша тіркелген азаматтарына Бағдарлама шеңберінде қолдану үшін тұрғын сертификаттарын беру жоспарланған:

1) 1 және 2 топтағы мүгедектер;

2) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылар;

3) кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

4) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар.

Бүгінгі күні осы бағытта сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 20 маусымдағы №417 бұйрығымен бекітілген Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларының 9-тармағының 2-тармақшасына сәйкес Әкімші интернет-ресурста тұрғын үй сертификаттарың беру туралы хабарландыруды жариялауды қамтамасыз етеді.

Осыған орай, тұрғын үй сертификаттарының берілуі жөніндегі ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарынан қадағалау қажет.

Тұрғын сұрағы:

Туристерге арнайы контент ұсыну бойынша қай басқармаға баруға болады?

Жауап:

Алматы қаласы Туризм басқармасы.  

Туристтерді қолдау және қызмет көрсету бөлімінің басшысы - Амангелдиев Ернар Берікұлы. 8 707 1099195

Тұрғын сұрағы:

Зейнеткерлер оңалту орталықтарына тегін жіберіледі ме?

Жауап:

«Шаңырақ» әлеуметтік қызмет орталығы» КММ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 165 бұйрығымен бекітілген Халықты әлеуметтік қорғау саласында стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарты және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен, өзіне қызмет көрсете алмайтын және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес өздерінің ата-аналарын, жұбайын (зайыбын) асырап-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті еңбек етуге қабілетті кәмелетке толған балалары, жұбайы (зайыбы) жоқ немесе объективті себептер бойынша (бірінші, екінші топтағы мүгедектігінің, онкологиялық, психикалық ауруларының болуына, бас бостандығынан айыру орындарында отыруына, наркологиялық диспансерде есепте тұруына немесе елден тыс жерге тұрақты тұруға кетуіне, қосымша жұбайы (зайыбы) үшін - егде жаста болуына байланысты) оларды тұрақты көмекпен және күтіммен қамтамасыз ете алмайтын еңбек етуге қабілетті кәмелетке толған балалары, жұбайы (зайыбы) бар қарт адамдардың тәулік бойы тұрақты немесе уақытша (үш айға дейінгі мерзімге) тұруға арналған.

Көрсетілетін қызметті алушы (немесе оның заңды өкілі немесе медициналық ұйым қолдаухат берген кезде) мемлекеттік қызметті көрсету үшін жүгінген кезде көрсетілетін қызметті берушіге, тұрғылықты мекен-жай бойынша Мемлекеттік корпорацияға немесе тұрғылықты жері бойынша ауданның  жергілікті атқарушы органынамынадай құжаттарды өткізуі қажет:

1) осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 1 немесе            

2-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша өтінішті:

2) көрсетілетін қызметті алушының жеке сәйкестендіру нөмірі бар жеке басын растайтын құжатты (жеке басын сәйкестендіру үшін);

3) осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына                              

3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша медициналық картаны;

4) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасынан үзінді көшірмені (қарттар үшін талап етілмейді);

5) он сегіз жастан асқан адамдар үшін – соттың адамды әрекетке қабілетсіз деп тану туралы шешімінің көшірмесін (бар болса);

6) зейнеткерлік жастағы адамдар үшін – зейнеткерлік куәлігінің көшірмесін;

7) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар үшін – Ұлы Отан соғысының қатысушысы мен мүгедегі және оларға теңестірілген адам мәртебесін растайтын куәлігінің көшірмелерін ұсынады.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда «Белсенді ұзақ өмір» (Активное долголетие) жол картасы іске асырылуда.

Жол картасының негізгі мақсаты Алматыда тұратын зейнеткерлік жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру болып табылады.

Жол картасы шеңберінде аға ұрпақ азаматтарының өмір сүру сапасын арттыруға, оларды белсенді зияткерлік, шығармашылық, қоғамдық қызметке тартуға және ұрпақтар сабақтастығына бағытталған жүйелі мәдени-демалыс жұмыстары үшін инфрақұрылым құру мақсатында.

Орталықтардың міндеті - мәдени-демалыс және сауықтыру қызметі үшін жағдай жасау, аға ұрпақты белсенді демалысқа, шығармашылыққа баулу, олардың компьютерлік, қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік туризмді дамыту.

Бүгінде қаланың барлық аудандарында белсенді ұзақ өмір сүрудің 9 орталығы жұмыс істейді. Орталықтардың мекенжайлары Басқарманың ресми сайтында көрсетілген https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-uzsp?lang=ru.

Орталықтарда келесі қызметтер көрсетіледі: скандинавиялық жүріс, емдік йога, би, компьютерлік сауаттылық курстары, қазақ және ағылшын тілдері курстары, еңбек терапиясы, психологиялық тренингтер, әлеуметтік-құқықтық, экономикалық кеңестер, мастер-класстар, сауықтыру бойынша тренингтер, бос уақыт іс-шаралары, геронтолог-дәрігерлердің кеңестері, кенезиолог-психологтың тренингтері, өзін-өзі сауықтыру жүйесі бойынша психолог тренингтері, Айкуне-емдеу-сауықтыру гимнастикасы, классикалық және заманауи билер, шахмат, нарды, домино, сурет салу, хендмейд (тоқу, кесте тігу, қолдан жасау), киноклуб, жадты нығайту техникасы.

Сондай-ақ, орталықтар санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды, әлеуметтік қашықтықты, температура режимін сақтай отырып, жеке қорғаныс құралдарын қолдана отырып және дезинфекциялаумен жұмыс істей бастады.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир