«Кең жолақты Өтеген батыр көшесін кесіп өтуге мәжбүрміз. Себебі мұнда жаяу жүргіншілер жолағы жоқ». Осылай деп шағымданған Әуезов ауданының тұрғындары арнамызға хабарласты. Алты жолақты Өтеген батыр көшесінде көлік ағыны көп. Жол бойында қозғалыс бағытын шектейтін белгі де орнатылмапты. Көпшілік өмірімізге қауіп төнеді ме деп алаңдаулы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әуезов ауданындағы Өтеген батыр тұрғын үй кешенінде шамамен 2,5 мыңға жуық адам тұрады. Қазір мұндағы көпшілікті алаңдатқан мәселе – жаяу жүргіншілер жолағының жоқтығы. Соның салдарынан жол қауіпсіздігі сақталмайды. Ал тұрғындар дәріхана мен басқа да әлеуметтік нысандардың бәрі жолдың арғы бетінде орналасқанын айтады.
«Жолдың арғы бетіне өту үшін жүргіншілер жолағына дейін 300 метр жүреміз. Кейіннен саябақ пен басқа да нысандарға барамыз деп тағы осынша жол жүру керек. Үйімізге қарама-қарсы тұрған ғимаратқа барамыз деп біраз уақыт жоғалтамыз», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Мерхат Ахатов.
Тұрғындардың айтуынша, жылдамдықты асырған көліктердің кесірінен жол апаты болыпты. Көшені кесіп өтемін деген әйел адамды автобус қаққан. Бәрінен бұрын, ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдаулы.
«Мектепке баратын балаларымыз үшін қиын. Оның үстіне алда қыс мезгілі келе жатыр. Мен секілді балалар арбасын айдаған аналар үшін ауыр», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Ксения Ким.
Сала мамандары бұл мәселеден хабардар. Айтуларынша, қазір аталған көше бойында кәріз құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бұл күрделі жоба аяқталмай, жүргіншілер жолағын белгілей алмаймыз дейді. Ал құрылыс жұмыстары жыл соңында аяқталатынын айтты.
«Жыл соңына дейін қала бойынша 20 жаяу жүргіншілер жолағын салу жоспарланған. Оның ішінде осы Өтеген батыр көшесі де бар. Бұл жерге тек жаяу жүргіншілер жолағын сызып қана қоймай, бағдаршам да орнатамыз», – деді қалалық мобилділік басқармасының бөлім басшысы Алмас Бимендин.
Қалалық мобилділік басқармасы мамандары өткен жылы жаяу жүргіншілер жолағы орнатылуы тиіс 70 мекенжайды анықтаған. Жүргіншілер өтпесі кез келген жерге қойылмайды. Ережеге сәйкес, көлік ағыны көп үлкен даңғылдар таңдалады екен.
Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы