AKIMAT LIVE: қала тұрғындарының сұрағына Алматы қаласы әкімдігі жауап берді

21.10.2020 18:45

Редакцияға келіп түскен бірде-бір сұрақ қала басшылығының назарынан тыс қалмайды

Фото Informburo.kz

12 қазанда сағат 20: 00-де «Алматы» телеарнасының AKIMAT LIVE бағдарламасы кезінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап берді. Сұрақтар өте көп болғандықтан, бір эфирге сыйдыру мүмкін емес. Алайда біздің редакцияға келіп түскен бірде-бір сұрақ қала басшылығының назарынан тыс қалмайды.

Қала тұрғындарынан түскен сұрақтарға Алматы қаласы әкімдігі жауап берді. 

– Сәлеметсіз бе, Бақытжан Әбдірұлы! Мен Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылының тұрғынымын. Есік және Талғар қалаларына жаңа автобустар шығардыңыздар, осындай автобустарды бізге де қойсаңыздар. Неге десеңіз, бір жылдың көлемі болды, қоғамдық көлік жоқ, шұғыл шешіп берсеңіз. Өйткені ауыл халқы көбіне Алматы қаласында жұмыс жасайды. Жұмысқа бару өте қиын, таксиге отыруға тура келеді.

– Қазіргі кезде Алматы қаласы қалалық мобильділік басқармасымен Алматы қаласынан (Сайран авто бекеті) Алматы облысы Жамбыл ауданы  Қарғалы ауылына қатынайтын №465 автобус маршруты ұйымдастырылуда.

Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларының 193-тармағына сәйкес, жаңа конкурс өткiзгенге дейiн маршруттарға үздiксiз қызмет көрсетудi қамтамасыз ету үшiн тасымалдауды орындау жиiлiгi 80% артық, басқа маршруттарда тасымалдау тәжiрибесi оң болған тасымалдаушы қарастырылуда.

– Сәлеметсіз бе! Мен Медеу ауданы бойынша хабарласып тұрмын. Медеу ауданы, Думан ықшам ауданында жол өте нашар. Адамдар өте алмайды. Көлігіміздің астын құртты. Құрғақ болса, шаң болады, жаңбыр болса. батпақ болады. Осыған дейін айтып келе жатырмыз. Осы мәселені шешіп берсеңіз.

– Бюджеттік бағдарлама әкімгері Алматы қаласы қалалық мобильділік басқармасымен Думан ықшамауданы аумағында орналасқан ұзындығы 31,5 шақырым құрайтын 59 көшеге күрделі жөндеу жүргізу, сыртқы жарықтандыру және арық жүйесін орнату бойынша  жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленген. Ағымдағы жылы 6 көшеде (Қарқаралы, Хантәнірі, Болашақ, Қазуғұрт, Ақмешіт, Бұрабай) жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 2021 жылы қалған 53 көшеде аталған жұмыстар жүргізіледі.

Қазіргі уақытта Медеу ауданы Думан шағынаудандағы жолдарды күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Құрылыс жұмыстарын осы жылы бастау жоспарлануда.

– Қайырлы кеш! Алматы қаласы Медеу ауданы Шашкина көшесінде, 5 кабатты үйдің бойынан асып өскен, терезеге жақын орналаскан және шіріген үлкен теректер бар, сол мәселені қалай шешуге болады?

– Шашкин көшесі, 5-үй ауласындағы ағашты кесу мәселесі бойынша өтініш иесімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Түсіндіру барысында ҚР «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңының 52-бабы 3-бөліміне сәйкес жасыл желеуктерді кесуге рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда ғана жүргізілетіні және құжаттарды электрондық түрде  белгіленген тәртіппен E-gov (elicense.kz) электронды үкімет арқылы тапсыру немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажеттігі айтылды.

Рұқсат қағазы ұсынылғанан кейін аталған ағашты кесу жұмыстары ауданның мердігер ұйымымен жүргізіледі.

– Мен Алматы қаласы Қайрат ықшамды ауданының тұрғынымын бізде жарық, су  Талғар ауданына карайды, сол қашан шешімін табады екен?

– Қазіргі уақытта «Қосылған елдімекендерді электрмен жабдықтау, 110/10 кВ «Тұздыбастау» қосалқы станциясы мен электр желілерін жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Жоба бойынша «Қайрат» шағын ауданында тарату подстанциясын орнату, жаңа қосалқы станция мен кабельдік желіні салуды қарастырады. Осы жобаның іске асырылуы «Қайрат» шағынауданын сенімді және үздіксіз электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Алматы қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасымен «Қайрат» шағынауданын электрмен жабдықтау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жұмыстардың аяқталу мерзімі: 2021 жыл. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаражат бөлу қажет.

«Алвис» ЖШС мердігер ұйымы «Қайрат» (1200 үй) шағынауданында су және кәріз желілерін  құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, ұзындығы 61,3 шақырым. Жұмыстардың басталу мерзімі - 2018 жылдың қыркүйегі, жұмыстардың аяқталу мерзімі - 2020 жылдың 4 тоқсаны. Орталық сумен жабдықтауға қосылу 2021 жылдың екінші тоқсанында жоспарланған.

– Кеш жарық. Шаңырақ шағын ауданы  Малов көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары басталғалы 3 ай болды. Шаңы аспанға шығып жатыр. Осындай кіші көшеге тротуар не үшін керек? Қашан асфальттап бітеді?

– Шаңырақ-2 шағын ауданы көшелеріне ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап жолды орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, С. Малов көшесі де қарастырылған. Жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтау қараша айының соңына дейін жоспарлануда.

– Биыл 22 наурызда Мәдениет басқармасымен бірігіп, іс-шара өткізген едік. Енді пандемияға байланысты іс-шаралар тоқтатылды. Алайда дайындық шығындарының ақысы өтелмейді. Сол мәселені шешіп берсеңіз.

– «Алматы қаласы Мәдениет басқармасы» КММ мен «AIDI-production» ЖК арасында 2020 жылғы 06 наурыздағы №14 мемлекеттік сатып алу шарты жасалды; шарттың мәні «Наурыз мейрамына этноауыл іс-шарасын ұйымдастыру және өткізу» болып табылады. Аталған шарт Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2020 жылғы 16 наурыздан бастап елде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне және барлық іс-шаралардың жойылуына байланысты бұзылды.

«AiDi-production» ЖК басшылығы Ж.О. Қыдырбаев атынан 154,5 млн. теңге мөлшерінде шығындарды өтеу туралы бірнеше рет хаттар келіп түсті. Бұл хаттарға өтініш берушіге техникалық ерекшелік шарттарына сәйкес тапсырыс беруші бекіткен медиажоспарды, эскиздерді, іс-шаралар кестесін және өзге де құжаттарды, сондай-ақ көрсетілген қызметтер көлемі мен оның жұмсаған шығыстарын растайтын құжаттарды ұсыну қажеттігі туралы жауаптар жіберілді. Жасалған шарттың және техникалық ерекшеліктің талаптарына сәйкес, бұл құжаттардың барлығы басқармамен келісілуі керек еді.

Бүгінде Тапсырыс беруші жоғарыда көрсетілген құжаттарды ұсынбаған.

– Рахат-Мәдиниет шағын ауданында, газ жок, мектеп салынып бітпей жатыр. Траспорт жоқ.

– Алатау ауданы әкімінің аппараты тарапынан газ мәселесі бойынша Рахат-Мәдениет шағын ауданына осы жылдың 5 қазанында кездесу ұйымдастырылды. Шағын аудан тұрғындарымен кездесу барысында өзекті мәселелер талқыланды. Бұл шағын аудандағы үйлерді газға қосу үшін магистралды желілер жоқ. Осыған байланысты, Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің аппараты тарапынан Алматы қаласы Энергиотиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасына және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға мәселені тез арада шешу үшін хат жолданды.

Рахат-Мәдениет шағын ауданындағы 1500 орынға арналған мектеп құрылысына инвстициялық қызметтің уақытша тоқтатылуына байланысты жобаны толығымен іске асыру мерзімі келесі жылға шегерілген. Бас мердігер мекеме «BI Group» АҚ-ның мәліметіне сәйкес, құрылыс жұмыстарын жандандыру қазан айына жоспарланған.

Рахат-Мәдениет шағын ауданын № 122, 81 қоғамдық көліктері қамтиды.

№ 122 қоғамдық көліктің жылжымалы құрамы саны 14, тасымалдаушы компаниясы ЖШС «БаТу Travel», № 81 қоғамдық көліктің жылжымалы құрамы саны 13, тасымалдаушы компаниясы ЖШС «№2 Автобус паркі».  

– Құрметті Бақытжан Әбдірұлы,  Ұлжан-2 шағын ауданы  Бесшатыр көшесіне 6 айдың жүзі болды асфальт төсеп жатқанына. Асфальтты төсемес бұрын сол жерге келген адам болмағанға ұқсайды. Олай деп айтарым – тратуор бойында орналасқан кәріз құдығы ашық, беті жұқа қаңылтырмен жабылған. Қалай болса, солай жасалған. Балалар құлап кетуі мүмкін. Бұл туралы екі жыл болды айтып жазғаныма. Тротурар мен асфальттың қалай жасалғанын келіп көрсеніздер. Суреттерінде жібергем. Мен Бесшатыр-26 үйдің  тұрғынымын.

– Ұлжан-2 шағын ауданы, Бесшатыр көшесінде ағымдағы жылы 0,369 шақырым болатын орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстардың тапсырыс берушісі Алматы қаласы Қалалық мобильділік басқармасы. Мердігер мекеме «ИССЫК ЖОЛДАРЫ» ЖШС болып табылады. Құрылыс жұмыстарының аяқталуы қазан айының аяғына жоспарлануда. Алатау ауданы әкімінің аппараты тарапынан өтініште көрсетілген мекенжайды тексеру ұйымдастырылып, мердігер мекемеге  көрсетілген ақауларды жою үшін бірқатар тапсырмалар берілетін болады.

– Құрметті әкім Бақытжан Сағынтаев, мен Садыков Асан Токтарбаевич «АГМ-ТАБЫС» ЖШС Вагон жөндеу зауытында жұмыс істедім. Жалақымыздың азаюына байланысты 12 маусым 2020 жылы жұмыстан шықтық. Содан бері 4 ай өтті, жалақымызды ала алмай жүрміз. Түркісіб ауданы Нұр Отанға жаздық, жауап келген жоқ. Еңбек инспекциясына да жаздық, еш нәтиже жоқ. Президентіміз Алиса Имашева. Осы мәселені қарастырып беруіңізді сұраймын.

– Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат Басқармасына (2020 жылғы 28 қыркүйекте) «АГМ-Табыс» ЖШС-і тарапынан еңбек ақысын төлемегені туралы азамат А. Садыковтан арыз түсті.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің анықтамасына сәйкес, «АГМ-Табыс» ЖШС-і микро кәсіпорын санатына жататын болғандықтан,арызды қарау және жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізу мүмкін болмады.

Сол себепті, «АГМ-Табыс» ЖШС-нің басшысына арызда көрсетілген мәселелерді қарап, өз құзіретінде шешу туралы хат жолданды.

Сонымен қатар, «АГМ-Табыс» ЖШС басшысы А. Имашева азамат А. Садыковқа еңбек шарты тоқталғаннан кейін, 175 751 теңгені 2020 жылдың 7 қазанында төлегенін хабарлады (жұмыстан шығару туралы бұйрық 2020 жылдың 12 маусымымен шыққан).

Алайда азамат А. Садыков 175 751 теңге жалақысымен келіспейді. ЖШС-да жалақы мөлшері еңбек шартының талаптарына сәйкес, жасалған жұмыс мөлшеріне қарай төленетінін атап көрсетті (тоңазытқыш жабдықтарын жөндеу слесары).