Алматыда эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Алматыда эпидемиологиялық ахуал тұрақты
Алматы қаласында соңғы тәулікте коронавирус жұқтырған 9 науқас тіркелді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қалада эпид-ахуал тұрақты. Ай басынан бері коронавирусқа шалдыққандар саны айтарлықтай азайған. Десе де, босаңсуға әлі ерте. Шаһардағы жағдайды сақтап қалу үшін талап етілетін барлық сақтық шараларын ұстану керек. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнамыздың «AkimatLive» бағдарламасында мәлімдеді. Ал қала тұрғындары талапты сақтап жүр ме? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы айтып берсін.

Алматы қаласында соңғы тәулікте коронавирус жұқтырған 9 науқас тіркелді. Бұл – өткен апталармен салыстырғанда едәуір жақсы көрсеткіш. Індеттің ілмегіне іліккендер санының азаюы – жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың жемісі дейді мамандар. Ал, осы жағдайды сақтап қалу үшін қала басшысы санэпидқызмет талаптарына атүсті қарамауға шақырды.

«Әлемде, тіпті, көршілес елдерде коронавирус өршіп тұрғаны белгілі. Сондықтан біз де дайындықты жасақтап, мейлінше жауапты болуымыз керек. Қаладағы эпидахуал осы деңгейде қалсын десек, санэпид қызметтің барлық талаптарын қатаң ұстану қажет. Ол –  міндетті түрде маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармау», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Ал шаһар тұрғындары қала әкімінің сөзін қос қолдап қолдауда. Олар маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау сынды қарапайым қағидаларды ұстану – аты жаман аурудың алдын-алудағы басты талап екенін жақсы түсінеді.

Блиц-1: Ауру әлі біткен жоқ. Әлі сақтану керек. Халық маска тағып жүргенін қолдаймын.

Блиц-2: Коронавирус әлі ешқайда кеткен жоқ. Өз денсаулығымызды сақтау үшін біз міндетті түрде маска киюіміз керекпіз.

Блиц-3: Маска тағып жүру қазіргі таңда міндетті деп ойлаймын. Біріншіден, өзіңнің қауіпсіздігің, екіншіден, қоршаған ортаңдағы адамдардың қауіпсіздігі

Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша аты жаман індетті жұқтырғандар 14454 адам. Ал аурудан құлан таза айығып шыққандар 14137, яғни  97,8 пайызды құрайды.

Жанар Ғаниқызы, Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров