Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасы Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде КВИ пандемиясымен күресу үшін дайындалған инфекциялық төсек-орындардың жұмыспен қамтылу деңгейінің өсіп келе жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Инфекциялық стационарларда, модульдерде, клиникалардың инфекциялық бөлімшелерінде, «Халық аренадағы» консервацияда жалпы қуаттылығы 7011 төсек-орын және 250 реанимациялық төсек-орын орнатылған. Бүгінгі таңда жұмылдырылған инфекциялық стационарларда 5000 төсек-орын бар. Ауруханаларға 2746 адам жатқызылған, оның ішінде 133 бала. 35 емделушінің жағдайы өте ауыр. 257 - сі ауыр, 2454-і орташа ауыр жағдайда.
Қосымша төсек-орындар қойылып, дәрігерлік құрам мен медқызметкерлер жұмыспен қамтамасыз етіледі. COVID-19 індетінің жаңа толқынына дайындық аясында 2758 адамнан тұратын кадрлар резерві құрылды. Медициналық жоғары оқу орындарының интерндері, резиденттері, магистранттары, медициналық колледждердің түлектері, профессор-оқытушылар құрамы тартылды.
Үй медициналық бақылауында 3057 адам ем алып жатыр. Оның ішінде 935-і симптомсыз, 2122 пациент жағдайы жеңіл дәределі. Бұл ауруханаға жатқызуға белгілері жоқ пациенттер мобильді бригадалар мен телемедицина орталығының бақылауында.
МСАК деңгейінде барлығы 74 медициналық ұйым жұмыс істейді. Қаланың 39 мемлекеттік емханаларына аудит жүргізіліп, пациенттермен жұмыс істеудің жаңа алгоритмдері енгізілді. Ковидтік пациенттерді амбулаториялық деңгейде бақылау үшін мобильді бригадалардың саны 5 есеге артты, жолға шығуға 925 медицина қызметкері жұмылдырылды.
«Жалпы, қаланың денсаулық сақтау жүйесі барынша дайын. Алайда, COVID-19-мен күресудің басты жетістігі қала тұрғындарының санитарлық дәрігерлер мен мамандардың нұсқауларын қаншалықты тәртіпті ұстанатындығына байланысты. Біз қалыпты өмірге қашан орала алатынымыз тек өзіміздің қолымызда», – деп атап өтті Б.Сағынтаев.