Алматы әкімі Б. Сағынтаев тарихи қалыптасқан ғимараттарды сақтап қалу мақсатында ерекше аймақтарда құрылыс жүргізуді реттейтін арнайы ережелерді әзірлеу туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Алматы» арнысының Akimat Live бағдарламасындағы тікелей эфир барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қала құрылысын жүргізуді реттейтін жаңа ережелер әзірленетінін хабарлады. Ережелердің басты мақсаты – қоғам мен бизнес мүдделерін ескеретін жүйелі шешімдер қабылдау.
Ережеде жер учаскелерін игеру, оның ішінде бұған дейін алынған оң шешімдер мен рұқсат құжаттарды дұрыс пайдалану қарастырылған.
Ереженің негізгі тармақтары қаланы дамытуға арналған қала құрылысы талаптарын бекітуге бағытталатын болады. Сонымен қатар, тарихи қалыптасқан ғимараттарды сақтау және осы аймақтарда құрылысты ретке келтіру (аймақтандыру) мақсатында ерекше қала құрылысын аймағы белгіленеді.
Мұнда Тарихи орталықтың шекараларын анықтау маңызды. Сондай-ақ, қаланың басқа аудандарындағы жекелеген аймақтар да Ережеде қарастырылған мысалы, ықшамаудандар мен тыныш аудандар.
Сондай-ақ, тарихи маңызы бар нысандарды анықтау да қарастырылған, олардың жанынан кез келген құрылысты жүргізу қоғамдық талқылаудан кейін ғана мүмкін болады.
Қала құрылысын ерекше реттеу аймақтарында ғимараттардың тығыздығы мен биіктігі ескерілетін болады. Мысалы, жаңа ғимараттың биіктігі іргелес салынған нысаннан 1/3 биік болмауы тиіс. Бұдан өзге, ережелерде аэрация режимін жақсарту, көгалдандыру, қалалық ортаны сақтау мен жайлылығын арттыру талаптары жазылады. Тарихи келбетті сақтау үшін ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттеріне қойылатын талаптар да ескеріледі.
Қала тұрғындарын, қоғам белсенділер мен сарапшыларды кеңінен тарта отырып, қоғамдық талқылау өткізу тетіктерін әзірлеу маңызды жаңалық болып табылады.
Жүргізілген сараптамалардың және тұрғындардың пікірін жинақтау барысында тарихи орталық аумағында 36 жер телімінің жеке меншікте екені анықталды. Бұл учаскелер екі топқа бөлінді: құрылыс басталған және бос жатқан жерлер. 14 учаскеде құрылыс басталған, оның ішінде 3 нысанның құрылысы тоқтатылды әрі рұқсат құжаттары қайтарылды. Тұрғындардың өтініштері бойынша 11 нысанға ұсыным берілді, мұнда қозғалыс сызбасын ұйымдастыру, абаттандыру, қабаттар саны және тағы басқа мәселелер ескерілетін болады.
Бос жатқан жер телімдері бойынша, оның ішінде 8 учаскені қайтару (сатып алу) қарастырылуда, мұнда абаттандырылған және көгалдандырылған қоғамдық кеңістіктер құрылатын болады. 14 учаскеге жасыл желектерді кесуге тыйым салу, бұрыннан бар нысандарды ескере отырып, қабаттар санын және функционалды пайдалануды азайту бойынша қала құрылысын жүргізуге шектеу қойылды.