Бағдарламадан кейін Алатау аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары Әлиевтер отбасына келіп, қажетті құжаттарды ресімдеп көмектесті
«Жүре алмасаңыз да, өзіңіз келіңіз!» Алматыда 4 омыртқасы сынып, төсек тартып қалған алматылық келіншек Халыққа қызмет көрсету орталығынан қызмет ала алмаған. Алайда Akimat live бағдарламасында туысы хабарласып, түйткілді шешіп беруге қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтан көмек сұраған еді. Бүгінде мәселе шешілді ме? Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігттің бейнематериалында.
Akimat live:
- Менің сіңілім құлап, 4 омыртқасын сындырып алды. Қазір төсек тартып жатыр. Ал, жеке басын куәлігінің уақыты өтіп кетті. Біз ХҚКО-ға жүгінген етіп едік үйге шақырып, олар шақыратын тек қана мүгедектер мен 63 жастағылар деп айтты. Ал, қалғандары сонда қалай жасайды?
Алматы әкімі орын алған бұл жағдайдың мүлдем орынсыз екенін айтып, мәселені бірден шешуді тапсырды.
Akimat live:
- Оны қайтіп апарады ол жерге? Біз эфирден кейін хабарласып, бұл мәселемен ертең айналысамыз.
Бағдарламадан кейін Алатау аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары Әлиевтер отбасына келіп, қажетті құжаттарды ресімдеп көмектесті.
Бүгінде Әлиевтер отбасында 2 бірдей жанұя мүшесі төсек тартып жатыр. 92 жастағғы қария әулеттің үлкені. Мүгедектікке шалдыққанына 15 жылдың жүзі болыпты. Ал, Әлиева Ұлбала 4 омыртқасын сындырып алғанына бір айдан асқан. Туыстары ауруханаға тексеруге апаруы үшін куәлігі қажет болған. Бірақ жеке басын куәландыру құжатының мерзімі өтіп кетіпті. Оны жаңарту үшін халыққа қызмет көрсету орталығының көмегіне жүгінген. Ең сорақысы, 1414 колл орталығы мүгедектікке анықтама сұрапты. Алайда науқас жазылып кетуі мүмкін дейді жақындары.
«Ол кісіні ауруханаға апарып қарату үшін бізге құжат керек қой. Енді құжатының мерзімі өтіп кеткеннен кейін біз оны қалай апарамыз? Бұл кісіні қабылдамайды. Бүгін міне, ХҚКО-дан көші-қоннан рұқсат алып, келіп жатыр. Құжатты рәсімдеп жатыр. Бәрі біледі, құжатсыз ешкім ешқайда бара алмайды. Бұл кісі ертең тұрғанның өзінде, мерзімі өтіп кеткен құжатпен ешқайда бара алмайды», – деді Алатау ауданының тұрғыны Бекболат Әлиев.
Осы ретте, мамандар Ұлбала Әлиеваға не себепті көмек көрсетілмегенін түсіндірді.
«Бұл кісілер 1414-ке хабарласқан. Звондаған соң олар қабылдай алмаған. Өйткені бұл кісілердің мүгедектігі туралы анықтамасы жоқ болған. Қазір келіп қабылдадық. Жеке куәлігіне тапсырды. Формуляр толтырды. Енді 3 аптадан кейін дайын болады», – деді Алатау аудандық ХҚКО бас маманы Әлия Бастаубаева.
Айта кетейік, қазір кез келген қала тұрғыны халыққа қызмет көрсету орталығының қызметін онлайн алуына болады. Ал, мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін арнайы топтар бар. Олар аптасына 1 мәрте аудан бойынша шақырту қабылданған үйлерге барады.
Аяулым Көлжігіт, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» телеарнасы