Қала эпидемиологиялық бағалау матрицасында әлі де «қызыл» аймақта тұр
«Алматы» телеарнасындағы Akimat live бағдарламасының тікелей эфирінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев коронавирустың ағымдағы жағдайы және вакциналану қарқыны туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы эпидемиологиялық бағалау матрицасында «қызыл» аймақта қалады. 22 қыркүйекте қалада коронавирус инфекциясының 164 289 жағдайы тіркелді, оның ішінде 141 872 науқас симптомды және 22 417 науқас симптомсыз анықталған, анықталмаған пневмония – 2346. 21 қыркүйекте коронавирус инфекциясының 498 жағдайы тіркелді, оның ішінде 470-і – симптомды, 28-і –симптомсыз, анықталмаған пневмония – 5.
Инфекциялық стационарларда 5 230 төсек-орын бар, оларда 2337 адам емделуде, оның ішінде 111 бала жатыр. 100 науқас ауруханаға өте ауыр жағдайда түсті, оның 993-інің жағдайы ауыр, 1241-інің жағдайы – орташа ауыр, 3-інің жағдайы жеңіл деп бағаланып отыр. Реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 229 науқас жатыр. ӨЖЖ аппаратында – 43, инвазивті емес ӨЖЖ – 103, High flow аппаратында 68 науқас бар.
Б. Сағынтаев санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтау және КВИ бойынша жаппай вакциналану инфекцияның жаңа толқынының алдын алуға көмектесетінін еске салды. Екпе салдыру еліміздің кейбір аймақтарында тіркелген жаңа Eta штаммына да тосқауыл болады.
Өткен тәуліктерде бірінші компонентпен 2417 адам, екінші компонентпен 3906 адам вакцинацияланды. 1 ақпаннан 21 қыркүйекке дейінгі аралықта 933 678 адамға I компонент, 827 239 адамға ІІ компонент егілді.