Бақытжан Сағынтаев: Қаланы жаппаймыз

29.03.2021 01:20

Алматы әкімі қоймаларда, дәріханалар мен стационарларда дәрілік препараттардың жеткілікті қоры бар екенін хабарлады

Almaty.tv

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының «Akimat Live» бағдарламасының тікелей эфирінде карантин шаралары эпидемиологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізетінін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала әкімі жергілікті тұрғындардың сұрақтарына жауап беру барысында 12 сәуірге дейін қабылданған карантиндік шаралар кәсіпкерлермен тыңғылықты талқыланып жатқанын және эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде: «Ең бастысы жұмысына адал кәсіпкерлер карантиндік шектеулерге түсіністік танытуда. Егер қаламызда коронавирус өрши түсіп, жағдай бақылаудан тыс қалса, толық локдаун орын алуы әбден мүмкін. Алайда қазіргі таңда қаланы толықтай жабу көзделмеген», – дей отыра кәсіпкерлер қауымын карантин режимін бұзбауға және жаппай іс-шаралар өткізбеуге шақырды.

Сондай-ақ, Алматы әкімі қоймаларда, дәріханалар мен стационарларда дәрілік препараттардың жеткілікті қоры бар екенін хабарлады. Құрылған Тұрақтандыру қоры шеңберінде фармацевтикалық компаниялар 68 атау бойынша 48 млн-нан астам дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды жүзеге асырды. 28 млн-ға жуық дәрі атаулары Алматы қаласының дәріханаларына жеткізілді және қоймаларда 20 млн-ға жуық препараттар бар, олардың 8 млн азаймайтын қалдықты құрайды. Осылайша, қалада екі айлық ковидке қарсы препараттардың қоры құрылды.

Қаланың аудандық әкімдіктері КВИ емдеу хаттамасына кіретін 24 негізгі атау бойынша қаланың 375 дәріханасында дәрілік заттардың табылуына жүйелі түрде мониторинг жүргізуде.