«Алматы» телеарнасының Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирінде 5-сынып оқушысы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа сұрақ қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқушы шаһар басшысына «Алматы қаласы «жасыл» аймаққа көшті. Сабақ офлайн форматқа көшті. Неге мектепте бетперде тағып жүреміз?», – деп, сұрақ жолдаған.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тікелей эфирде мектеп оқушысының сұрағына жауап берді.
«Өйткені төңіректе індетті жұқтырып алған азаматтарымыз бар, солардан сақтануымыз қажет. Көп жағдайда тұрғындар қоғамдық орындарға, дүкен мен мейрамханаларға Ashyq бағдарламасы арқылы «қызыл» мәртебесімен өтетіндер бар. Олар жұртқа жұқтыратынын, ауру екенін біле тұра жүреді.
1 адам 5 адамға жұқтыруы мүмкін. Өзін алдап, дүйім жұртты алдап жүре береді. Ауру екенін айтпайды. Сол себепті сақтану керек. Біз мектепке ПТР-тесті арқылы кіргізіп жатқан жоқпыз. Жұқтыру фактісі анықталған жағдайда, сол сыныпты карантинге жауып жатырмыз. Сабаққа келген баланың жұқтырып келген, келмегенін біз білмейміз. Сондықтан бетперде тағу маңызды», – деп қала әкімі.