Б. Сағынтаев Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмалардың қалай іске асырылатынын айтты

03.09.2020 02:01

Қала тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге ерекше назар аударылады

Almaty.tv

Қала әкімі Б. Сағынтаев «Алматы» арнасындағы Akimat Live бағадарламасының тікелей эфирінде әкімдіктің жұмысында мемлекеттік қызметті үдемелі цифрландыру мәселелерін шешуге, шығындарды оңтайландыруға, сондай-ақ эпидемиологиялық дағдарыстарға және басқа да төтенше жағдайларға дайындықты күшейтуге басымдық берілетінін атап өтті.

Б. Сағынтаев  жаңа жағдайда экономикалық даму мәселесінде қалаға қарапайым «сауда» экономикасынан зияткерлікке көшу қажет екенін атап өтті.  Бұрындары, «Алматы-2050» Стратегиясында «құрылымдық маневр» ұсынылған болатын, оның мақсаты экономиканың жоғары қосымша құны бар секторларын дамыту болатын. Олар – қаржы, АКТ, креативті  индустрия, туризм, логистика және дистрибуция.

Пандемия басталғалы бері кәсіпкерлерді қолдау күшейтілді. Президенттің  тапсырмасына сәйкес қолдау шараларының тетіктері кеңейтіледі.

Қала тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге ерекше назар аударылады. Тұрғын үй құрылысы саласында таяудағы 5 жыл ішінде (2021-2025) 16,5 мың мұқтаж отбасыларды пәтермен қамтамасыз ету жоспарланған. Мысалы, осы кезең аралығында 363,2 мың шаршы метр  жалдамалы тұрғын үй немесе инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар 6487 пәтер салу жоспарланған. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 5 мыңға жуық пәтер пайдалануға беріледі.

Президент жариялаған «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті ЭКҰ-ға квоталар кезегіне аудит жүргізеді. Қажет болған жағдайда  бұл тізім қайта жасалып, сәбилі болуға зәру  отбасыларға нақтылы көмек көрсетіледі.

Қалада 5 жыл ішінде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамту  үшін 19 980 орынды 419 мектепке дейінгі балалар мекемелерін салу жоспарланған, оның 413-і мемлекеттік, 400-і жеке меншік. Сондай-ақ, 6 балабақша сейсмикалық жағынан күшейтіліп, күрделі жөндеуден өтетін болады.

Таяудағы 5 жыл ішінде бұқаралық спортты дамыту үшін алматылықтарды спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді 75,4%-ға дейін  жеткізу жоспарланған, бұл шара 600 мыңнан астам қала тұрғынын қамтитын болады, ал спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындар санын 33%-ға дейін жеткізу қарастырылған.

Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму мақсатында Jasyl Almaty аясында жасылдандыру жұмыстары күшейтіледі. Сонымен қатар, жеке секторды табиғи газға, қала қазандықтарын шағын және орта қуаттылыққа көшіру жұмыстары жалғасады. Өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге айрықша назар аударылады.