Akimat live бағдарламасына хабарласып, көмек сұраған тұрғынның мәселесі шешілді ме

20.08.2021 01:51

Тікелей эфирде қала басшысы бұл сұрақты қатаң бақылауға алуды тапсырды

Almaty.tv

Нөсер жауын салдарынан тау бөктерінде орналасқан жеке сектордағы екі үйді су басты. Осылай деген Медеу ауданының тұрғындары Akimat live бағдарламасына хабарласып, көмек сұраған еді. Тікелей эфирде қала басшысы бұл сұрақты қатаң бақылауға алуды тапсырды. Үйді су басуына себеп болған не? Мәселе шешімін тапты ма? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтады.

Бұл – Көлсай ықшам ауданындағы Асхат Базарқұловтың үйі. Үйін су алған сәтте ол жұмыста болыпты. Видеоны оның көршілері түсіріп алған. Нөсер жауынның арты селге ұласып, аудандағы үйлерге зақым келтірген. Бастапқыда тұрғындар үйге толған суды өздері шелектеп шығармақшы болған. Кейіннен оған шамалары келмеген соң, құтқару қызметін шақырыпты.  

«Осы жерде үйде тұрып жатқаныма 24 жыл болды. Бірінші рет болып отыр осындай жағдай. 24 жылдан бері бірінші рет. Қанша жаңбыр жауса да, арық бойымен ағып кететін», – деді  Медеу ауданының тұрғыны Асхат Базарқұлов.

Біз тұрған Қойгелді көшесінің бойында бұрын мынадай арық желілері болған. Қазір мұнда инженерлік желілерді ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Мұның салдары суағарлар топыраққа толып, бітеліп қалған. Бірнеше көшемен жиналып келген нөсер жауын суы осы жерде тоғысып төмендегі үйлерге зақым келген.

Бұл мәселені айтып тұрғындар Akimat live бағдарламасына хабарласқан еді. Тікелей эфирден кейін Медеу ауданының басшылығы оқиға орынына барып, мән-жайды толығымен тексерді. Айналаны қалыпына келтіру жұмыстарымен айналысу үшін екі мердігер компания тартылған. Қазір мұнда 2 арнайы техника мен 8 адам жұмыс істеп жатыр.  

«Су басу салдарына байланысты инженерлік желілер толықтай тексеріліп, электр бағаналар қалпына келтіріліп, қазір аудан тұрғындарының өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Біздің Медеу ауданы тарапынан қазіргі таңда жұмыстар жалғасуда. Аумақ біздің бақылауымызда», – деді Медеу ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімінің бас маманы Әлімжан Айтай.

Үйлерді су алуына себеп болған инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары толығымен қыркүйек айының соңына дейін аяқталады дейді сала мамандары. Қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы мамандарының хабарлауынша қазір көше жолдарына асфальт-бетонды жамылғысын төсеу басталған.

Ұлағат Арғын, Нұрбол Әбдікәрімов, «Алматы» арнасы