Сағынтаев – кәсіпкерлерге: Алматыдағы ынтымақтастықты көрсету қажет

19.11.2020 01:56

Тексеру барысында 828 нысанда (22,5%) тәртіп бұзушылық анықталған

Almaty.tv

Akimat Live бағдарламасындағы тікелей эфир барысында мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлерді ынтымақтастық танытуға және карантиндік шектеулерді қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала тұрғындарының сұрақтарына жауап бере отырып, Б. Сағынтаев 32 монторингтік топтардың белгіленген шектеулердің сақталуын қадағалайтынын еске салды. 8 қазаннан 17 қараша аралығында 444 рейд жүргізілді, оның барысында 3,6 мыңға жуық нысан тексерілді.

Тексеру барысында 828 нысанда (22,5%) тәртіп бұзушылық анықталды, 90 заңды тұлғаға 28,7 млн теңге көлемінде 453 әкімшілік айыппұл салынды. Маска режимін бұзған жеке тұлғаларға 15,5 миллион теңге айыппұл салынып, 374 әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылды.

«Алда күрделі кезең тұр, ауру өрши түсетін болады. Вакцина пайда болғанша біз санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға тиіспіз», – деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Мегаполис әкімі ойын-сауық және қоғамдық тамақтандыру салаларында жұмыс жасайтын ШОБ өкілдерін осынау күрделі кезеңде ынтымақтастық танытуға бір қадам жасауға шақырды.

«Егер біз бір-бірімізге көмектеспесек, тәртіп бұзушылық жалғасады, яғни коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артатын болады. Сондықтан Алматыдағы ынтымақтастықты танытып, карантинге байланысты белгіленген жұмыс кестесін сақтау қажет», – деп атап өтті Б. Сағынтаев.