«Алматы жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау жалғасып жатыр – Бақытжан Сағынтаев

Almaty.tv
Almaty.tv
Шаһар басшысы тұрақты жұмыс істейтін жастардың қалада пәтер алуына мүмкіндік бар екенін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы жастары» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтінім қабылдау жалғасуда. Мегаполисте тұрақты жұмысы бар, 29 жасқа дейінгі азаматтардың 1 бөлмелі жалдамалы пәтер алуына мүмкіндік бар. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнамыздың тікелей эфирінде өткен Akimat LIVE бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

Жастарға баспана Наурызбай ауданында орналасқан «Алма сити-5» және Алатау ауданындағы «Мәдени” тұрғын үй кешендерінен беріледі. Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – жұмыс істейтін жастарды қолдау, пәтер сатып алуына жағдай жасау. Сондай-ақ қала әкімі тікелей эфирде «Нұрлы жер» бағдарламасының тиімді тұстарын да жеткізді. 

«Екі жылдың көлемінде «Нұрлы жер» бағдарламасының берілетін пәтерлердің санын 77 мың шаршы метрден 260 мың шаршы метрге дейін көтердік. Қазір тұрғын үйге сұраныс көбейіп жатыр, сәйкесінше, мемлекеттен бөлініп жатқан ақша да көбейіп жатыр», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ қала әкімі мегаполистегі эпидемиологиялық ахуалға да тоқталды. Қазір Алматы «жасыл» аймақта тұр. Соңғы рет мегаполис бұл белдеуде маусым айында болған еді. Бір тәулікте қауіпті індет жұқтырғандар саны 119 адам болған. Десе де, санитарлық шараларды жеңілдетіп, арқаны кеңге салуға болмайды деді Бақытжан Сағынтаев.  

«Осыған дейін коронавирустан емдеу үшін 2 мыңға жуық төсек-орын болған еді. Қазір жағдайдың тұрақталуына байланысты оны қысқарттық. Бүгінде жалпы ауруханаларда 1774 төсек-орын бар. Оның 33 пайызы толы, науқастар емделіп жатыр. Жансақтау бөліміне түсіп жатқан адамдардың саны да күн санап азайып келеді. Қаладағы ауру жұқтыру динамикасына қарайтын болсақ, дерттен жазылып шыққан адамдардың саны әлдеқайда жоғары екінін байқауға болады. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Новости партнеров