Алматыда Әуезов көшесі ұзарып, нәтижесінде қос үйдің тұрғындары ойын алаңынсыз қалудан қорқады. Алаңдаған дүйім ел қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысқан «Akimat Live» бағдарламасында сұрақ қойды. Сөздерінше, құрылыс басталса, балалардың алаңы сүріліп кету қаупі бар. Бастысы, кейін басқасы орнатыла ма деп сұрады тұрғын. Өйткені жақын маңда бір уақыт демалып, балаларын қыдыртатын жер жоқ.
«Қазір мердігер ұйымдар бастауы керек. Бірақ қарап көрейік, егер ол жерде балалар алаңы алынып тасталса, онда оны орнататын басқа орын табамыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бүгін аудан тұрғындарына қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының мамандары жағдайды түсіндірді. Айтуынша, халықты ойын алаңынсыз қалдырмайды. Барлығына қолжетімді орын таңдалып, алаң сонда көшіріледі екен.
«Алматы қаласын дамытатын бас жоспарға сәйкес Әуезов көшесін ұзарту көзделген. Ол Гоголь көшесінен басталып, Райымбек даңғылына дейін созылады. Бүгінгі таңда Мобильділік басқармасы құрылыс компаниялардың бірімен жоба жасады. Әуезов көшесі Райымбек даңғылымен байланыс 206 а және 206 б үйлері арасынан өтеді. Ол орталықта ойын алаңы тұр. Алаң бұзылып, басқа жерге орнатылады», – деді Алмалы аудандық қала құрылысын жоспарлау және аумақтың дамуын үйлестіру қызметі басшысының міндетін атқарушы Арман Айшуақов.