Алматының Түрксіб ауданында су басу қаупі бар көшелердің тізімі жасалып жатыр
Алматының Түрксіб ауданындағы жеке сектор жауын жауса, судың астында қалады. Тұрғындар бұл мәселе арық жоқ болғандықтан, осындай жағдай туындайды деп отыр. Әсіресе, күз-көктемде бір қарыс жердегі аялдамаға жетудің өзі мұң дейді. Өйткені көлшікті кешіп жеткенше малмандай су боламыз деп ренжулі. Мәселенің шешілуін қалаймыз деген тұрғындар «Akimat Live» бағдарламасына хабарласып, сауалын қала әкіміне тікелей жолдаған еді. Бүгін шенділермен бірге аталған мекенжайға Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан да барып келді.
Жағдайымыз дәл осылай деген зейнеткер Ольга Камчатная қала әкімі қатысқан «Akimat Live» бағдарламасына хабарласып, мәселесін жеткізген еді. Сөзінше, жауын-шашын жауатын маусымда көшеге шыға алмай қиналады екен. Тегіс емес жол мен арықтың жоқтығынан судың барлығы тротуарға құйылатын көрінеді. Бұл мәселе Жұмабаев көшесінің тұрғындарын бірнеше жылдан бері мазалап келеді. Сондықтан, халық әкімдіктен көмек сұрауға бекінген.
«Бұл көшеден жаңбыр жауғанда жүру мүмкін емес. Жолдан өту былай тұрсын, ары-бері өткен көліктер басымыздан аяғымызға дейін су қылып кетеді. Оның үстіне, көше тар. Бұрындары мұнда арық жүйесі болған. Кейін бітеліп, одан соң үстіне неге екені асфальт төселіп кетті. Енді өтуге қиналып қалдық. Кейде жолдан қашып темір тұлпарлардың өтіп кетуін күтуге тура келеді»,– деді Түрксіб ауданының тұрғыны Ольга Камчатная.
«Қазір инвентаризация жүргізіліп жатыр. Өткенде де айтқан болатынмын. Біздеге мәселе қаладағы арықтар бір-бірімен байланыспайды. Сондықтан су соңында қайда барып құярын білмей, бір жерге келгенде төгіледі. Енді тұрғын айтқан аумаққа барып, көріп танысатын боламыз»,– деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Ал Ольганың сөзін көршілері де растады. Олар мамандар арық жүйесін жүргізіп берулерін сұрайды.
«Жолда адамдар кетіп бара жатса, зу етіп өткен көліктер суды аямай үстімізге шашып кетеді. Ылғи қашып, қорқып жүретін жағдайға жеттік. Сөйтіп, әрең дүкенге, аялдамаға жетеміз. Күз-көктем су, ал қыста көктайғақ»,– деді Түрксіб ауданының тұрғыны Виктор Ланин.
Бүгін оқиға орнына жедел жеткен жергілікті әкімдік өкілдері жағдайды түсіндірді. Олар мәселе жуық арада шешіледі деп сендірді.
«Аумақта су жиналып, көлшікке айналмауы үшін көшенің жиегін көтереміз деген шешім қабылданды. Тағы да айтарым, жасыл экономика басқармасымен 34 шақырым болатын 61 көшені жасау үшін жобалық-сметалық құжат жасалып жатыр. Бұл көше 2021 жылы жасалатын жоспарға қосылды. Сонда жаңадан суағар салынады»,– деді Түрксіб аудандық көріктендіру бөлімінің басшысы Константин Воропаев.
Айта кетейік, Түрксіб ауданында осындай су басу қаупі бар көшелердің тізімі жасалып жатыр. Олар бойынша жаңа жоба құру көзделген. Ал қазан айына дейін 4 мың шақырым жол жөнделетін болады.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы