Алматы қаласының тұрғыны Мария Кенесова арнамыздың Akimat LIVE бағдарламасына хабарласты
«Мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік қызмет көрсететін көмекшілеріне неліктен төлем тек жұмыс күндері ғана жүргізіледі?». Осындай сұрақпен Алматы қаласының тұрғыны Мария Кенесова арнамыздың Akimat LIVE бағдарламасына хабарласты. Жалпы көмекшілердің міндеті қандай, неліктен төлем демалыс күндері жүргізілмейді? Бұл туралы Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы біліп қайтты.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызмет көрсететін жеке көмекші тиесілі. Олар күнделікті өмірде А нүктесінен Б нүктесіне дейін жетуге жәрдемдеседі. Алайда жарымжандар төлем тек жұмыс күндері ғана жүргізіледі деп наразы.
28 жастағы Мария Кеңесова I-топ мүгедегі. Оның көзі көрмейді, бала кезінен бері қант диабетінен зардап шегеді, бауыр ауруы тағы бар. Өздігінен жүріп-тұруға қауқарсыз ол көмекшіге жүгінуге мәжбүр. Мұндай арнайы қызметкерлерге сағатына 358 теңгеден төленеді. Бірақ қызмет түрі күніне 8 сағаттан артық болмауы керек. Бұған дейін төлем тек жұмыс күндері жүргізілген. Ал, Мария демалыс күндері де көмекші қызметіне мұқтажбыз деп отыр.
«Мен I топ мүгедегі болғаныммен, өзге адамдар сияқты өмір сүргім келеді. Мен ауруxанаға, дәріxанаға, дүкенге барамын, серуендеймін. Бірақ мұның барлығы тек жұмыс күндері ғана емес қой. Демалыс күндері де, мысалы, саябақтарда серуендегім келеді. Алайда біздің көмекшілерге демалыс күндері ақша төленбейді», – деді I топ мүгедегі Мария Кеңесова.
Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мәліметінше, арнайы көмекшілердің міндеттемесі мен төленетін ақысы Еңбек және xалықты қорғау министрлігінің №26-жарлығына сәйкес жүргізіледі. Алайда онда төлемақы жұмыс не демалыс күніне жүргізілуі тиіс екені нақтыланбаған. Тек көмекші қызметі күніне 8 сағаттан аспауы керек делінген. Ал, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасынан кейін мүмкіндігі шектеулі жандарды алаңдатқан бұл мәселе оң шешім таппақ. Қазіргі таңда министрлікке толық түсініктеме берілу туралы өтініш хаты жолданды. Енді көмекшілерге айдың барлық күндері еңбекақы төленуі мүмкін.
«Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, біз қазір министрлікке хат жолдадық толық түсініктеме беруі үшін. Және де сол күндерді тек қана өзінің нақты атқарылған қыметіне төлеуге қазір жоспарланып отыр», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бөлім басшысы Жанна Қожамбердиева.
Қазіргі таңда Алматы бойынша көмекші қыметіне I-топтың 2719 мүгедегі жүгініп отыр. Биыл оған жергілікті бюджеттен 1 миллиард 700 миллион теңге бөлінген.
Жанар Ғаниқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы